British Airways Ирандағы қақтығысқа байланысты Таяу Шығыс бағытындағы бірнеше рейсті уақытша тоқтатты. Бұл туралы Anadolu Agency хабарлады.
Авиакомпания мәліметінше, осы айға жоспарланған Амман, Бахрейн, Доха, Дубай және Тель-Авив бағытындағы барлық рейс тоқтатылған. Ал Абу-Даби қаласына және одан ұшатын рейстер жыл соңына дейін орындалмайды.
Компанияның хабарлауынша, рейстердің тоқтатылуына өңірдегі қауіпсіздік жағдайының тұрақсыздығы мен әуе кеңістігіндегі белгісіздік себеп болған. Авиакомпания жағдайды тұрақты бақылап отырғанын және жолаушыларға балама нұсқалар ұсынылатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар British Airways жолаушыларды өздерін компания өкілі ретінде таныстыратын алаяқтардан сақ болуға шақырды. Кейбір алаяқтар жолаушыларға хабарласып, жеке деректер мен төлем реквизиттерін сұраған.
Айта кетейік, өңірдегі шиеленіс АҚШ пен Израиль күштерінің Иран аумағына бірлескен соққы жасауынан кейін күшейді. Қақтығыс салдарынан 1200-ден астам адам қаза тауып, 10 мыңнан астамы жараланған.
Ал Тегеран өз кезегінде Израильге, сондай-ақ Иордания, Ирак және Парсы шығанағы елдеріндегі АҚШ әскери нысандарына дрондар мен зымырандар арқылы жауап соққыларын жасап жатыр.





