Қазақстанда блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.
Ерлі-зайыптыларға заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша айып тағылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, Instagram желісінде 15 миллионнан астам оқырманы бар блогерлер 2025 жылы онлайн-курстар сату арқылы арнайы схема ұйымдастырған. Айыптау тарапының мәліметінше, курс сатып алушыларды тартудың негізгі тәсілі қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу мүмкіндігі болған.
Қазақстан Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлауынша, блогерлер бақылауындағы Zhana Business компаниясының шоттарына азаматтардан 247,5 миллион теңге түскен. Оның 60 миллион теңгесі депозиттерге орналастырылған.
Прокуратура мәліметінше, тағылған айыптар дәлелденген жағдайда блогерлерге ірі көлемде айыппұл салынуы немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Айыппұл мөлшері 1 миллиард теңгеден асуы ықтимал.
Тергеу барысында компаниялардың банктік шоттары, ұтысқа арналған 17 жаңа iPhone, 8 Hyundai Elantra автокөлігі, сондай-ақ блогерлерге тиесілі Lamborghini Urus және Lexus LX 600 көліктеріне тыйым салынған.
Прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаев сотта бұл іс тіркеусіз немесе лицензиясыз, аса ірі көлемде табыс табумен байланысты кәсіпкерлік қызметке қатысты екенін айтты.
Сонымен қатар сот барысында ұтыс жеңімпаздарының полицияға сыйлығын ала алмағаны жөнінде ресми шағым түсірмегені де айтылды.
Судья сотталушылардан кінәсін мойындайтынын сұраған. Ерболат Жанабылов әзірге жауап беруден бас тартса, Эльмира Төлегенова куәгерлерден жауап алынғаннан кейін пікір білдіретінін мәлімдеді.





