Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Төлемге қабілетсіз банктерге қатаң қадағалау тетігі іске қосылады

 Төлемге қабілетсіз банктерге қатаң қадағалау тетігі іске қосылады

Қазақстанда қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігі енгізіледі.

Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және оған ілеспе заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобаларын таныстыру барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдардағы Жолдауларын іске асыру аясында әзірленген және банк секторын жетілдіруге бағытталған.

Жаңа тетік халықаралық озық тәжірибеге негізделген және банктің қаржылық жағдайына қарай қолданылатын үш сатылы дағдарысқа қарсы режимнен тұрады. Атап айтқанда: күшейтілген қадағалау, қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру және төлемге қабілетсіз банкті реттеу режимдері енгізіледі. Бұл режимдер нақты қаржылық көрсеткіштер бойынша автоматты түрде іске қосылады, осылайша реттеуші органдардың уақтылы және болжамды әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Банктер үшін дағдарысқа қарсы жағдайдан шығуға арналған қалпына келтіру жоспарларын әзірлеу міндеттеледі. Бұл жоспарларда қаржылық қиындықтардың алдын алу және банкті тұрақтандыру шаралары көрсетілуі тиіс. Аталған жоспарлар жыл сайын жаңартылып отырады.

Сонымен қатар, жүйелік маңызы бар банктерге арнайы талаптар қойылады. Олар өз міндеттемелерін капиталға айырбастау арқылы шығындарды сіңіру қабілетін сақтауы тиіс. Мұндай шаралар банк қиындыққа тап болған жағдайда мемлекет тарапынан тікелей қаржылай қолдау көрсету қажеттілігін азайтады.

Мемлекеттің банк капиталына қатысуы тек шектеулі жағдайларда, яғни жүйелік банк үшін төтенше шара ретінде қарастырылады. Бұл қолдау уақытша әрі өтеулі сипатта болады және банк қайта қалпына келгеннен кейін жаңа инвесторға сатылып, мемлекеттік қаржы бюджетке қайтарылады.

Мұндай жағдайда банкке қатысты қатаң шектеулер қолданылады: акционерлер мен басшылықты ауыстыру, дивидендтер мен бонустар төлеуге тыйым салу, тәуекелді операцияларды шектеу және қаржылық қалпына келтіру жоспарын іске асыру міндетті болады.

Сондай-ақ, заң жобасында мемлекеттік органдардың банк секторын реттеу саласындағы құзыреттері нақты бөлінеді. Жүйелік банктерге қатысты шешімдерді Үкімет пен Ұлттық Банк қабылдайды, ал Қаржы нарығын реттеу агенттігі қалпына келтіру жоспарларын іске асыруды бақылауға және дағдарысқа қарсы режимдерді қолдануға жауапты болады. Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес мемлекеттік қолдау туралы шешім қабылдауда үйлестіруші рөл атқарады.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл реформа Қазақстанда заманауи және тиімді банк реттеу жүйесін қалыптастыруға, қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және салымшылар мен клиенттердің мүддесін қорғауға бағытталған.

Ұқсас материалдар