Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Тұрғын үйдің техпаспорты мен кадастрлық құжаттары онлайн рәсімделеді

Тұрғын үйдің техпаспорты мен кадастрлық құжаттары онлайн рәсімделеді

Қазақстанда 1 маусымнан бастап жылжымайтын мүлікке қатысты бірқатар мемлекеттік қызмет толықтай онлайн форматқа көшіріледі.

Енді техникалық паспорттар мен кадастрлық паспорттардың телнұсқалары тек электронды түрде рәсімделеді. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, eGov.kz порталындағы «Жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт беру» және «Кадастрлық паспорттың телнұсқасын беру» қызметтері жаңартылған.

Жаңа тәртіпке сәйкес, азаматтар өтінімді онлайн жолдап, төлем жасап, дайын құжатты электронды форматта ала алады. Бұған дейін бұл қызметтерді пайдалану үшін төлем жасау және нәтижесін алу мақсатында Халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет болатын.

Енді дайын техникалық паспорт немесе кадастрлық паспорттың телнұсқасы eGov.kz порталындағы жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөліміне автоматты түрде жүктеледі. Қызмет көрсету мерзімі жылжымайтын мүлік нысанының түріне байланысты болады.

Қызметті пайдалану үшін пайдаланушы eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, қажетті қызметті таңдауы, өтінім түрі мен жылжымайтын мүлік санатын көрсетуі, төлем жасап, сұранымға электронды қолтаңбамен қол қоюы қажет.

Министрлік дерегіне сәйкес, цифрлық қызметтерге сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, 2021 жылы техникалық паспорт пен кадастрлық паспорт телнұсқасын алу бойынша eGov.kz арқылы 100 мың өтінім түсіп, бұл жалпы сұраныстың 22,8 пайызын құраған. Ал 2025 жылы онлайн өтінімдердің үлесі 41 пайызға жеткен.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, 2026 жылғы 1 маусымнан бастап бұл қызметтер бойынша өтінімдерді ХҚКО операторлары қабылдамайды.

«Қызметтер тек eGov.kz порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетіледі. Енді азаматтарға төлем жасау немесе дайын техникалық паспортты алу үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ», – деді ол.

Сонымен қатар «Жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт беру» қызметі eGov mobile мобильді қосымшасында да қолжетімді болады.

Министрлік мемлекеттік қызметтерді кезең-кезеңімен онлайн форматқа көшіру ХҚКО-ларға түсетін жүктемені азайтып, қызмет алу процесін азаматтар үшін ыңғайлы әрі жедел етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, онлайн қызметті өз бетінше пайдалана алмайтын азаматтар ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына жүгіне алады.

Қазіргі уақытта электронды форматта ЭЦҚ алу, тұрғылықты жер бойынша тіркелу, жүргізуші куәлігін ауыстыру, автокөлікті бастапқы тіркеу, еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру және жер телімдеріне құжат рәсімдеу сияқты бірқатар мемлекеттік қызмет қолжетімді.

Ұқсас материалдар