Тимур Турловтың бизнес-құрылымдары «Транстелеком» АҚ-ны сатып алу процесін бастады. Бұл туралы https://forbes.kz/ хабарлады.
Компанияның бұрынғы үлескерлері арасында Нұрали Әлиев болса, қазіргі акционері – Ғалымжан Есенов.
Турловтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар мәміленің негізгі шарттары бойынша келісімге келген және енді мемлекеттік реттеуші органдардың мақұлдауын алу кезеңіне өтуде. Ал алғашқы кезеңде компанияның басқару құрамында немесе операциялық моделінде өзгеріс болмайды.
2025 жылғы 11 желтоқсанда «Транстелеком» акционерлері директорлар кеңесінің жаңартылған құрамын бекітті. Бұл шешім Турлов құрылымдары тарапынан компанияны сатып алу процесінің басталуымен байланысты.
«Транстелеком» – телекоммуникация және IT саласында жұмыс істейтін компания. Оның акционерлері: Unit Telecom (75%) және «Қазақстан темір жолы» (25%).
Тимур Турлов – Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және негізгі акционері (шамамен 70%). Forbes Kazakhstan дерегі бойынша, ол 2025 жылы Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері рейтингісінде екінші орында, байлығы – $5,8 млрд. Freedom холдингі қаржы секторымен қатар, телеком және медиа бағыттарында да белсенді компания сатып алуда.





