Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, Қарағандының «Шахтер» футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін компания сатып алды.
Бұл туралы forbes.kz хабарлады. Клубты сату аукцион форматында өткізілді. Аукцион 2025 жылдың 25 қарашасында өткен. Бұған дейін «Шахтерді» дәл осындай тәсілмен сату жоспарланғаны айтылған еді.
Тимур Турловтың футболға 18,5 млрд теңге инвестиция салатыны бұрын хабарланған: оның 12 млрд теңгесі – футбол академиясының құрылысына, 6,5 млрд теңгесі – өңірдегі балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамытуға бағытталмақ.
Футбол академиясы шамамен 10 гектар жер телімінде орналасады. Жоба стадионнан бөлек, жыл бойы жаттығуға арналған жабық манежді, толық өлшемді жаттығу алаңын, екі қабатты әкімшілік-тұрмыстық кешенді, медициналық орталықты, бассейнді, саунаны, асхананы және тәрбиеленушілерге арналған жатақхананы қамтиды. Нысандардың барлығы жылы өткелдермен біріктіріледі. Ал іргелес аумақта воркаут-аймақ, тренажерлар, саябақ және автотұрақ салынады. Әкімдік мәліметінше, негізгі құрылыс жұмыстары 2027 жылы аяқталады.
Сонымен қатар Турловтың қолдауымен өңірде бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр: QOFA аясындағы мектеп жобасы ALGA! (2029 жылға дейін 100-ден астам оқу орнында 40 мыңнан астам оқушы мен 3600 студентті қамту жоспарланған), ресми балалар-жасөспірімдер лигасы Freedom BFL, «Шахтер» футбол академиясының құрылысы және аймақтың жан-жақты даму стратегиясы.
Тимур Турлов – Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және шамамен 70% үлеске ие мажоритарлы акционер. Ол Forbes Kazakhstan мәліметі бойынша 2025 жылғы 75 ең бай бизнесмен рейтингінде 2-орында (байлығы – $5,8 млрд), сондай-ақ елдегі ең ықпалды 50 бизнесменнің ішінде 4-орында. Freedom холдингі қаржыдан бөлек, телеком және медиа саласында да белсенді жұмыс істейді және түрлі компанияларды сатып алуын жалғастыруда.





