Uzbekistan Airways әуе компаниясы Еуропа бағытындағы рейстерінің маршруттарын Еуропалық әуе қауіпсіздігі агенттігінің (EASA) есебіне байланысты өзгертіп, енді Ресейдің әуе кеңістігін айналып өтетін болады.
Жаңа маршруттар Әзербайжан мен Түркия арқылы ұшып жатыр.
Gazeta.uz мәліметіне қарасақ, 20 қаңтардан бастап Uzbekistan Airways әуе компаниясының ұшақтары Еуропа елдеріне жаңа бағытпен ұша бастаған. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Шухрат Худайкулов сейсенбі күні өткізген баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл шешім Ресейдің еуропалық бөлігінің әуе кеңістігіндегі ұшулардың қауіпсіздігі туралы Еуропалық әуе қауіпсіздігі агенттігінің (EASA) жақында берген есебіне негізделген. Енді Uzbekistan Airways әуе компаниясының рейстері Әзербайжан мен Түркия арқылы оңтүстікке қарай ұшатын болады.
«Әрине, бұл рейс уақытын бір бағытта 30-40 минутқа ұзарту компанияны шығындарға ұшыратады. Дегенмен, біз тарифтерді көтерген жоқпыз, өйткені бұл форс-мажор жағдайы және жолаушы оған жауапты болмауы тиіс», – деп атап өтті әуе компаниясының өкілдері.
Шухрат Худайкулов компанияның ұшу басқару орталығы әуе кеңістігіндегі жағдайды үнемі бақылауда ұстап отырғанын айтты.