Зайсан ауданындағы жаңа әуежайдың құрылысы келесі жылдың жазында аяқталып, пайдалануға берілмек.
Бұған дейін нысанды биылғы жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланған еді, деп хабарлайды 24.KZ телеарнасы.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл Шығыс Қазақстан облысында екі жаңа әуе айлағының құрылысы басталған. Оның бірі – Қатонқарағайда, екіншісі – Зайсанда салынып жатыр. Алайда екі нысанның да тапсыру мерзімі кейінге шегерілді.
Зайсандағы әуежай құрылысы 2025 жылдың наурыз айында басталған. Ол қала орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан ескі әскери әуе айлағының базасында бой көтеруде.
Құрылыстың төрт кезеңінің алғашқы екеуі аяқталды:
сыртқы инженерлік желілер тартылды;
кіреберіс жол, ұшып-қону жолағы және перрон салынды.
Ал үшінші кезең – әуежай ғимаратының құрылысы жобалық құжаттардың кеш түсуіне байланысты кешігіп қалған.
«Бұл белгіленген мерзімнің кейін жылжуына тікелей әсер етті. Қазір салынып жатқан ғимарат – үшінші кезең. Оның жобасы кеш бекітілгендіктен, жұмысты уақытында аяқтай алмадық», – деді жоба жетекшісі Ербол Тәжібаев.
Мамандардың айтуынша, ескі әскери айлақтың орнында құрылыс жүргізу жұмысты жеңілдетпеген. Себебі бұрынғы инфрақұрылымның ізі де қалмаған, сондықтан барлық нысан толықтай қайтадан салынуда.
Ұшып-қону алаңының аумағы 2 метр тереңдікке дейін қазылып, топырағы алынып, жаңа негізбен қайта төселген.
Жоба аяқталған соң Зайсан әуежайы өңірдің туризм және көлік логистикасын дамытуға серпін бермек.





