Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Заңсыз лотерея ұйымдастырғандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Заңсыз лотерея ұйымдастырғандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Қазақстанда соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түрлі ұтыс ойындары мен лотереялар жайлы жарнамалар көбейіп кетті.

Бұл жағдайға байланысты ҚР Бас прокуратурасы азаматтарды абай болуға шақырып, лотерея қызметін реттейтін заң талаптарын еске салды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, лотереяны тек арнайы мемлекеттік рұқсаты бар лотерея операторлары ғана өткізе алады. Мұндай операторлар Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігімен келісілген шарттар бойынша ғана жұмыс жүргізуі тиіс. Ал жеке тұлғалар мен тиісті рұқсаты жоқ ұйымдардың лотерея өткізуі — заңға қайшы әрекет болып табылады.

«Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заң бойынша, ұтыс ойындарына тек 18 жастан асқан азаматтардың қатысуына рұқсат етіледі. Сондай-ақ, лотереяның жүлде қоры кемінде 50% билет сатылымынан түскен қаражат есебінен немесе ұйымдастырушының өз қаражатынан құрылуы тиіс. Бұл ақпарат лотереяға қатысушылар үшін ашық әрі қолжетімді болуы қажет, — делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

 Сонымен қатар, «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» және «Жарнама туралы» заңдарға сәйкес, лотерея және оның жарнамасы туралы ақпарат анық, нақты әрі шындыққа сай берілуі тиіс.

Заңбұзушылықтар үшін жауапкершілік:

  • Әкімшілік құқықбұзушылық жасаған тұлғаларға ҚР ӘҚБтК-нің 445-1-бабы бойынша 500-ден 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

  • Егер лотерея алаяқтық мақсатта пайдаланылса, онда ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Құқық қорғау органдары азаматтарды тек ресми лотерея операторлары өткізетін ұтыс ойындарына қатысуға және күмәнді жарнамалардан сақ болуға шақырады.

Ұқсас материалдар