Жезқазғанға қатынайтын теміржолдар мен автотрассалар жезді астананы тұйық қалаға айналдырған еді. Алайда, соңғы уақытта өлкенің жаңа тынысы ашылып, бірнеше транспорттық жолдар жөнделіп, жаңа бағыттағы трассалар салынбақшы. Бұл нысандар жезді өлкенің бүгіні мен болашағы үшін, әрі тұрғындардың әлеуметтік жағдайы үшін аса маңызды. Атап айтқанда, Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда магистралін салу аймақтың жоспарында бар.
Бұл жобалар Қазақстан Президенті жолдауының аясында жүзеге аспақшы. Соның нәтижесінде өлкенің транспорттық-логистикалық инфрақұрылымы жақсарады. Басты назарда ‒ Астана мен макроаймақтарды жалғайтын автожолдардың дамуы, теміржол және әуе жүйесі болмақ.
Жобаның стратегиялық маңызы үлкен. Қазіргі Астана мен Қызылорда арасындағы жол 1917 км болса, жаңа трасса елордаға дейінгі жолды 817 шақырымға дейін қысқартады.Бүгінгі таңда тендерге қатысатын жол салушы компаниялар іріктеліп, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең алдымен, жолдар келесі бағыттар бойынша жөнделеді: Батыс Қытай - Батыс Еуропа, Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Ақтөбе - Атырау, Алматы - Өскемен, Қарағанда – Жезқазған - Қызылорда және Атырау - Астрахань.
Қызылорда - Жезқазған автожолының жалпы құны 10 млрд. 1 млн. теңге шамасында. Жол құрылысы мыңдаған қазақстандықтарды жұмыспен қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, 2012-2020 жж. арналған Жезқазған, Сатпаев және Ұлытау өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында Қызылорда‒Павлодар‒Успенка (РФ дейін), Қызылорда‒Жезқазған арасында 98 шақырым жол салу көзделген.
Жол құрылысын 2017 жылға дейін бітіру жоспарланып отыр. Ал, Жезқазған‒Есіл ‒Петропавл жолдарын да қайта қалыпқа келтіру керек. Бұл да кешенді жоспардың бір бөлімі. Осы автожолдардың құрылысына мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінетін болады. Айта кету керек, еліміз бойынша жол жөндеу жұмыстарына Ұлттық қордан 2015 жылы 178 млрд., ал, 2016 жылы 143 млрд. 3 млн тенге теңге бөлінеді. Осы орайда, 200 мың жаңа жұмыс орны ашу көзделіп отыр.
Қазақстан геостратегиясының ұтымды тұсы ‒ Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуға мүмкіндіктің болуы. Өткен 2014 жыл Қазақстан үшін транспорт стратегиясының жүзеге асуымен есте қалды. Осы тарихи оқиғаның бір көрінісі, 2014 жылы 22 тамызда ҚР Президенті Н.Назарбаев Қарағандыға барған сапарында Жезқазған - Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржолы іске қосылуы.
Қазақстан Батыс пен Шығыс ортасындағы жаңа континенталды көпір болып отыр. Бұл туралы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтінің директоры Ердан Қарин өз сөзінде айтқан болатын. Біріншіден, Жезқазған‒Бейнеу және Арқалық‒Шұбаркөл теміржолы іске қосылғаннан кейін алғаш рет еліміздің батыс пен шығыс аймақтары өзара жалғанды. Мамандардың пікірінше, Жезқазған- Бейнеу теміржолы Достық-Ақтау бағытын 748 шақырымға дейін қысқартты.
Бұл Қазақстанның өз күшімен жүзеге асқан алғашқы посткеңестік кеңістіктегі ауқымды транспорттық жоба. Жыл басынан бастап уақытша істеп тұрған Жезқазған - Бейнеу теміржолының жүк тасымалы 10 млн. 800 мың тоннаны, ал Жезқазған аумағындағы Арқалық – Шұбаркөл – 8 млн. тоннаны құраған.
Арқалық-Шұбаркөл бағытының іске қосу осы жылға жоспарланған. Ал, Жезқазған - Бейнеу 2016 жылы қолданысқа берілмекші. Жезқазған - Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржол жүйесінде 2,9 мың адам жұмысқа қамтылады.
Осылайша Жезді өңірдің тұйықталған транспорттық жүйесі ашылып, аймақтың тынысы кеңеймекші.
Жәния Әбдібек, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, журналистика факультеті