Жұмабай Қарағаев – «Атамекен» ҰКП жанындағы мұнай-газ комитетінің жаңа төрағасы

Жұмабай Қарағаев ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы мұнай-газ саласы комитетінің төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды PetroCouncil.kz.
Қарағаевтың энергетика, басқару және мемлекеттік қызмет саласында ауқымды тәжірибесі бар. Ол И.М. Губкин атындағы Мемлекеттік мұнай және газ академиясын «Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану» мамандығы бойынша, сондай-ақ РФ Президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған. Техника ғылымдарының кандидаты.
Оның мансабы 1999 жылы жеке секторда басталды, онда ол мұнай-газ саласындағы компанияларда басшылық қызметтер атқарды. 2010 жылдан бастап мемлекеттік қызметке ауысып, алдымен Атырау қаласы әкімінің орынбасары, кейін облыс әкімінің орынбасары болды.
2019 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың қаңтарына дейін Қарағаев ҚР Энергетика вице-министрі қызметін атқарып, мұнай-газ кешені мен жер қойнауын пайдаланудың негізгі бағыттарын қадағалады.
2023–2024 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Қазіргі уақытта PetroMining қауымдастығында жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша басқарушы директор қызметін атқарады.
2022 жылы Жұмабай Қарағаев Маңғыстау облысында сұйытылған мұнай газының бағасын негізсіз көтеруге байланысты екі айға қамауға алынған еді.