Жаңалықтар
Жол-құрылыс материалдарының сапасын арттыру бағытындағы бірлескен жұмыс жалғасуда
Алматы қаласында жол-құрылыс саласында қолданылатын жаңа материалдарды тәжірибелік сынақтан өткізу және олардың сапасын бағалау мақсатында бірлескен комиссиялық көшпелі жұмыс ұйымдастырылды, деп хабарлады баспасөз қызметі.
Іс-шараға «ҚазЖолҒЗИ» АҚ өкілдері, мердігер компания мамандары, асфальт-бетон зауытының қызметкерлері және Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының инженерлері қатысты.
Көшпелі жұмыс барысында құрамына «Стилобит» атты тұрақтандырғыш қоспа енгізілген асфальт-бетон қоспасынан сынамалар алынды. Аталған материалды жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасына енгізу және алдағы уақытта апробациядан өткізіп, «жасыл мәртебе» алу мүмкіндігі қарастырылуда.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалы бұл бағыттағы жұмыстарға белсенді қатысып, материалдардың нормативтік талаптарға сәйкестігін бақылау, сынама алу үдерістерінің сапалы орындалуын қадағалау және зертханалық зерттеулерге қажетті деректерді жинау жұмыстарын жүзеге асырды.
Филиал инженері Досжан Сұрапбергеновтің айтуынша, жол саласында жаңа технологиялар мен инновациялық материалдарды енгізу жолдардың ұзақ мерзімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазіргі таңда жол-құрылыс материалдарының сапасына қойылатын талаптар күшейіп келеді. Сондықтан жаңа қоспалардың қасиеттерін жан-жақты зерттеп, олардың тиімділігін тәжірибе жүзінде тексеру маңызды. «Стилобит» қоспасы енгізілген асфальт-бетонның көрсеткіштері арнайы зертханалық сынақтар арқылы бағаланып, нәтижелері салалық талаптарға сәйкес талданатын болады», – деді Досжан Сұрапбергенов.
Мұндай жұмыстар жол саласына заманауи шешімдерді енгізуге, құрылыс материалдарының сапасын арттыруға және жол инфрақұрылымының сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.





