«Сбербанк Қазақстанның» атауы өзгереді

Нұр-Сұлтан. 13 қыркүйек. 7kun.kz –«Сбербанк Қазақстанның» атауы «Береке банк» болып өзгереді. Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

Оның айтуынша, ресейлік «Сбербанктен» сатып алынған Қазақстандағы еншілес банкке ребрендинг жасалып, атауы өзгермек.

«Ребрендинг міндетті түрде болады. 1 қыркүйекте меншік құқығын беру транзакциясын жаптық. Жаңа банк «Береке банк» деп аталады. Қазақша жақсы сөз, мұны барлығымыз бір-бірімізге тілейміз. Сондықтан бұл банк бұған дейін жұмыс істеген құндылықтар мен ұмытылысты көрсетеді деп ойлаймын және әрі қарай да солай жұмыс істейді деп үміттенеміз», – деді Шарлапаев журналист Дмитрий Шишкинге берген сұхбатында.

2022 жылдың 2 қыркүйегінде «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі «Сбербанктің» еншілес банкінен барлық акцияларын сатып алу бойынша мәмілені аяқтағаны белгілі болды. 

Мәміле өзара қолайлы қаржылық шарттармен жасалып, барлық қажетті реттеушілік мақұлдаулардан өткені хабарланды.

«Банк клиенттер алдындағы барлық міндеттемелерін орындауды жалғастырады, қолданыстағы клиенттер үшін банк өнімдерінің барлық шарттары өзгеріссіз қалады.

«Бәйтерек» холдингі банктің елдің қаржы жүйесі үшін маңыздылығын жоғары бағалайды. «Сбербанк Қазақстан» қолжетімді заманауи инфрақұрылым мен технологиялар іс-шараларды толық жүзеге асыруға және ел экономикасының нақты секторын қаржыландыруды жалғастыруға мүмкіндік береді», – деді холдинг өкілдері.