Баянауылдың бағы – туризм

34
Баянауыл
Фото: bayanaul-national-park.kz

Бiзге кiрген шетел­дiк туристер көңiл құмарын қандырып, рухани, мәдени тоят табуы үшiн тиiстi туристiк нысандар болғаны аса маңызды. Осы орайда ел Үкiметi саяхатшыларды магниттей тартатын және отандық туризм саласын iлгерi сүйрейтiн жетекшi 10 инвестициялық жобаны белгiлеп отыр. Оларды жүзеге асыру арқасында елiмiзге келетiн туристер саны 4,2 есеге, яғни қазiргi 3,2 миллионнан 13-15 миллионға дейiн өсуге тиiс. Сондай-ақ осы «ондыққа» 5,8 миллиард доллар инвестиция тартылады және оларда 64 мың жұмыс орны ашылмақ. Тағы бiр игiлiгi сол, бұл жобалардан Қазақ­станға жыл сайын 6,5 миллиард доллар көлемiнде табыс құйылады деп болжануда. Сол үздiк ондыққа үшiншi iрi жоба ретiнде Павлодар облысындағы «Баянауыл курорттық аймағы» таңдалды.

Бұл бағытқа жыл сайын 200 мың саяхатшы бет алады Қазiргi уақытта жергiлiктi бюджет және жеке сектор есебiнен инвестицияланып отырған курорттық зонаны дамытуға соңғы жылдары 19 млрд теңге қаржы құйылған. Автокөлiк жолдарын жөндеу, аэродром құрылысы, Жасыбай, Сабындыкөл, Торыайғыр, Бiржанкөлдiң жағасын көрiктендiру, Баянауыл ауылын орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жасалды. Алдағы уақытта саяхатшылар санын 450 мыңға дейiн арттыру қарастырылуда. Бұл мақсатта 120 миллиард теңге инвестиция қажет болады. Ашылатын жұмыс орын­дарының саны 7 мыңға жетпек. Бұл шаралар 68 миллиард теңгеден аса тиiмдiлiк беруге тиiстi.

 

Тау туризм

Төрт көлдiң, яғни Жасыбай, Сабындыкөл, Торыайғыр, Бiржанкөлдiң ортасындағы тұнық табиғат төрiнде, «Баянауыл» ұлттық паркiне кiретiн сайын даланың шұратында орналасуымен бiрге, Баянауыл аумағы еңселi тауларымен елге мәлiм. Сондықтан, бұл өңiр туризмдi жыл он екi дамытуды көздеп отыр. Осы мақсатта, курорттық аймақтың өз тау-шаңғы кешенi жұмыс жасамақ. Ұзындығы бiр шақырымдай болатын тау-шаңғы кешенiнiң құрылысы көп ұзамай басталады, әрi барлық темiрарқанды жолақтары жаңадан салынбақ. Бұл идея өз кезегiнде қысқы спорт түрiне қызығатын саяхатшылардың қатарын арттырады деп күтiлуде.

 

Сакралды нысандар

         Баянауыл өңiрiндегi сакралды аймақтар да бiраз жұртқа танымал. Павлодар облысына тән осындай 41нысанның 16-сы Баянауылға тиесiлi. Бесеуi Республикалық картада орын тепкен бес сакралды нысанның үшеуi, яғни,  Машһүр Жүсiп Көпеев кесенесi, «Қоңыр Әулие» үңгiрi, «Жасыбай Батыр» моласы да осы аймақта екенi мәлiм. Мәшһүр Жүсiптiң 150 жылдық мерейтойы қарсаңында, яғни 2006 жылдың қарашасында ашылған жаңа кесененi көруге жас тарихшылар мен зерттеушiлер көп келетiн көрiнедi. Осы сұлу өңiрдiң ғажайып ескерткiштерiнiң бiрi – «Қоңыр әулие» үңгiрiн айтпасқа болмас. «Қоңыр әулие» үңгiрi жердiң, жануар­лар мен құстар әлемiн қорғаушысы Ной (Нұх) Пайғамбар заманынан бар. Бүгiнде қасиеттi үңгiр қалың жұртқа сая болып, киелi орынға айналып отыр. Үңгiрге көтерiлетiн баспалдақтардың ұзындығы 110 метр, әрбiр 10-15 метр сайын демалуға арналған алаң бар. Үңгiрдiң жалпы ұзындығы 30 метр. Бұл жердi көру үшiн жер-жерден келетiн саяхатшылардың қатары жыл сайын артып келедi.

 

Батпағы да бағалы

         Павлодар облысы тұзды көлдерiмен де көпке танымал. Барша ТМД жұртына әйгiлi «Мойылды» шипажайы бұл сөзiмiзге негiз бола алады. Демалыс аймағына алыс-жақын шетелден келушiлердiң саны жыл сайын артуда. Негiзiнен, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан және Германия, Ресей елдерiнен келедi.  Бұған дейiнгi екi ғимарат ем алушыларға аздық етiп, санаторий негiзiнде екi қосымша корпус тұрғызылған. «Бизнестiң жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберiнде 14 пайыздық үстемемен 948 млн теңге субсидия алынды. Қаржының негiзгi көлемi жазғы корпус салуға, қосымша емдiк құрылғылар сатып алынуға жұмсалған. Мекеме маңы көрiктендiрiлдi. Бүгiнде емдеу мекемесiнде бiр кезеңде 600-дей адам ем қабылдай алады. 200-ге тарта адам жұмыс iстейдi.

Шипажайдың бас дәрiгерi Медiғат Сатыбаевтың айтуынша, бұл күндерi әйелдерде жатыр мойын аурулары, бедеулiк дертi белең алып тұр. Ер адамдардың да белсiздiгi алаңдатады. Осы ретте бiздiң ем алғандардың нәтижесi жаман емес. «Алда осы бағытта жұмыстарды күшейтiп, қажеттi құрал-жабдықтар сатып аламыз. Мамандар мәселесiн де шешу керек. Бiзге көбiне жүйке жүйесi жұқарған, яки қант диабетiнен емделiп жүргендер келедi. Ел тұрғындарынан бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттерден де келедi. Мәселен, жыл сайын Германияның өзiнен шамамен елудей отбасы келiп, емделедi» дейдi бас дәрiгер. Былтыр бұл шипажай сегiз мыңнан астам адамды қабылдаған. Айта кетейiк, Мойылды шипажайы 1922 жылы ашылған. Негiзгi қызметi — қимыл қозғалыс органдары, жүйке жүйесi, қант диабетi, терi, сүйек ауруларын балшықпен, рапамен, минералды сумен емдеу. Емдiк қасиетi жоғары тұзды балшық осы жерде орналасқан Мойылды көлiнен жеткiзiледi. Бұл балшықтың емдiк қасиетi ешқашан жойылмайтындығын ғалымдар дәлелдеген. Қазiр мекемеде емнiң 6 түрi көрсетiледi. Жақын маңдағы тұрғындар үшiн 70 орындық күндiзгi стационар жұмыс iстейдi.

 

«О Маралдым, Маралдым

топырағыңнан нәр алдым»

         Емдiк қасиетi мол батпағымен көпке белгiлi тағы бiр шипалы су — Маралды көлi. Биыл жергiлiктi билiк органдары Маралды курортты аумағының инфраструктурасын дамытып, пансионат маңына асфальт төсеп, айналасын барынша гүлдендiрген болатын. Маралды курортты өлкесi облыс орталығына 50 км қашықтықта орналасқан. Осы жылы облыс әкiмiнiң қолдауымен демалыс аймағына апаратын 3,5 км күре жолға жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп, көлдiң жағасында тұщы су шығатын тереңдiгi 100 метр болатын ұңғыма қазылды. Бұрындары тоқ жүргiзiлмеген кейбiр жерлерге тоқ тартылып, келушiлерге қолайлы демалыс ұйымдастырылды. Маралды көлi емдiк қасиетi мол тұз бен минералдарға бай. Мұнда келушiлерге шипасы мол балшықтың төрт түрiмен емдiк шаралар жүргiзiледi. Курорт әкiмшiлiгiнiң айтуынша жыл сайын мыңдаған демалушылар жанына сая, денсаулығына пана iздеп келедi.

2017 жылы емдеу-сауықтыру туризмiн дамыту мақсатында бұл аймақта жаңа туристiк нысанның құрылысы басталған болатын. Көлдi жағалай душ қабылдайтын кабиналар, күн көзiнен қалқалайтын шатырлар, жатын орындары мен кiшiгiрiм асханалар, тiптi 500  орынды кафе, сусын, балмұздақ сататын дүңгiршiктер, балалар ойнайтын алаңқайлар қойылып, көл жағасы көркейе түскен. Жағажайды кеңейту және көрiктендiру iсi де қолға алынған. Пантоем үшiн маралдар сатып алынды. Осы шаруаларға құйылған инвестиция көлемi бүгiнде 300 млн тенгеге тең. Бұдан бөлек, биыл облыс бюджетiнен электр желiсiнiң құрылысына 28 млн теңге және Маралдыға баратын көлiк жолдарын жөндеуге 350 млн теңге бөлiндi.

Облыс басшысы Болат Бақауовтың айтуынша, бұл өңiрдiң инфрақұрылымын дамыту үшiн әлi де атқарылатын шаруа көп. Мұнда демалыс күндерi бес-жетi мыңнан астам адам келетiн көрiнедi. Сондықтан алдағы уақытта қонақ үйлер салу да жоспарда тұр. Маралдыға бiр маусымның өзiнде 70 мыңға жуық адам келедi, облыс басшылығы 2020 жылға дейiн бұл көрсеткiштi 120 мыңға жеткiзудi көздеп отыр. Облыс әкiмi ендi екi жылда Маралды адам танымастай өзгеретiнiне сенiмдi екенiн айтады.

 

Балаларға базарлық

         «Ертiс орманы» мемлекеттiк орман табиғи қорының аумағында үш бiрдей сауықтыру лагерi орналасқан: «Чайка», «Лесная сказка» және «Космические зори». Бұл жерде 450-ге жуық бала еркiн демала алады. «Космические зори» демалыс айлағы турбаза режимiнде жұмыс iстесе, «Лесная сказкада» ересек адамдарды қабылдауға да жағдай жасалған. Мұнда 120 және 600 орындық екi қонақ үй, жазғы кафе, спорт кешенi, балалар ойнайтын алаңқай, екi бассейн бар. Шадай қарағайлы аймағында туристерге арналған 11 маршрут бар, оның бесеуi сакралды нысандарды аралатуға арналып отыр. «Бизнестiң жол картасы-2020» мемлекеттiк бағдарламасы аясында жергiлiктi кәсiпкер атпен серуендеу туризмiн дамытуға грант ұтып алған. Биылғы көктемде «Бабалардың iзiмен» деп аталатын атпен серуендеу маршруты сызылып, бұған сакралды нысандарды аралау енгiзiлген