Ресейлік блогерлер сәтсіздікке ұшырауда: Аяз Шибутдиновтың ісі сотта қаралып жатыр

2025 жылғы 5 ақпанда ресейлік блогер Аяз Шабутдиновқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу аяқталды. Соңғы 14 айды тергеу изоляторында өткізген блогер сот процессінің басталуын күтіп жатыр. Оның ісін қарау екі рет шегеріліп, 17 сәуірге ауыстырылған.
Шабутдиновқа тағылған айыптар
Аяз Шабутдинов Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 159-бабының 4-бөлігі ("Алаяқтық") бойынша айыпталуда. Ол жаңадан бастаған кәсіпкерлерден инвестициялық жобаларға қатысу үшін қаражат жинап, кейіннен бұл қаражатты мақсатсыз пайдаланған деп күдіктелуде. Тергеу мәліметтері бойынша, ол жалған уәделермен сенімге кіріп, қаржылық пирамиданың белгілері бар схемалар арқылы қаражат тартқан.
Жәбірленушілер және залал мөлшері
Қазіргі уақытта 50-ден астам адам жәбірленуші ретінде танылған. Алдын ала есептеулер бойынша, келтірілген материалдық шығын 100 миллион рубльден асады.
Қоғамдық реакция және салдары
Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды, себебі Аяз Шабутдинов әлеуметтік желілерде танымал тұлға болып, өзін табысты кәсіпкер және коуч ретінде танытқан. Оның ұсталуынан кейін көптеген ізбасарлары мен клиенттері алданғандарын түсініп, құқық қорғау органдарына жүгінді.
Келесі қадамдар
Прокуратура айыптау қорытындысын бекіткеннен кейін іс сотқа жіберіледі. Шабутдинов кінәлі деп танылған жағдайда, оны 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.
Тағы кімдер бар?
Шабутдинов ісі сотқа жеткен алғыз блогер емес. 2025 жылғы 3 наурызда Мәскеудің Савёловский аудандық соты ресейлік танымал блогер Елена Блиновскаяны салық төлеуден жалтару, ақшаны заңдастыру және төлем құралдарын заңсыз айналымға енгізу баптары бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға бас бостандығынан айырып, бір миллион рубль көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарды.
Тергеу мәліметтері бойынша, Блиновская 906 миллион рубль көлемінде жеке табыс салығын төлеуден жалтарған және 706 миллион рубльді заңдастырған. Бұл сомалар қазіргі валюта бағамы бойынша сәйкесінше 4,6 миллиард және 3,6 миллиард теңгеден асады.
Блиновскаяға қатысты қылмыстық іс 2023 жылдың көктемінде қозғалды. 2024 жылдың қаңтарында ол қамауға алынып, тергеу изоляторына жіберілді. Оның күйеуі оны босатуға тырысып, Украинадағы соғысқа қатысқанымен, бұл әрекеті нәтиже бермеді.
Чекалиндер де тергеуде...
Чекалиндерге қарсы іс 2023 жылдың наурыз айында қозғалып, олар 504 млн рубль көлеміндегі салық, өсімпұл, айыппұлын төлеген соң іс тоқтатылған еді. Алайда 2024 жылғы 2 қазанда Валерия және Артем Чекалиндерге, сондай-ақ олардың серіктесі Роман Вишняковқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар бұл жолы жалған құжаттарды пайдаланып, Ресейден Дубайға 250 миллион рубльден астам қаржы заңсыз шығарды деп айыпталуда. Бұл әрекеттер Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 193.1-бабына сәйкес қарастырылады. 2025 жылғы 24 наурызда Мәскеудің Троицк аудандық соты блогер Лерчек (шын есімі — Валерия Чекалина) бұрынғы күйеуі Артем Чекалиннің үйқамақ мерзімін тағы екі айға, 24 мамырға дейін ұзартты.
Алдыңғы сот шешімдері
2025 жылғы 17 наурызда Мәскеу қалалық соты Валерия Чекалинаның үйқамақта қалуын мақұлдады. Сол күні Артем Чекалиннің үйқамақ мерзімі 24 мамырға дейін ұзартылды. Тергеу жалғасуда, және Чекалиндерге тағылған айыптар бойынша сот процесі әлі белгіленген жоқ.
Портнягиннің де сі сотқа түсті
2025 жылғы 2 сәуірде Мәскеудің Мещанский аудандық сотына танымал ресейлік блогер Дмитрий Портнягинге қатысты қылмыстық іс түсті. Ол қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру (ақша жылыстату) бойынша айыпталуда. Бұған дейін Портнягин мен оның жұбайы Екатеринаға салық төлеуден жалтару айыбы тағылған болатын. Алайда, олар мемлекетке 188 миллион рубль көлемінде қарыздарын, оның ішінде өсімпұлдар мен айыппұлдарды толық өтегеннен кейін, бұл айыптар алынып тасталды. Қорғаушы Евгений Грицковтың мәлімдеуінше, осыдан кейін салық төлеуден жалтару бойынша қылмыстық іс тоқтатылды. Енді Портнягинге қатысты ақша жылыстату айыбы бойынша сот процесі басталмақ.