Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

200 мың теңгелік кресло 20 млн-ға алынған: ЖОО-да 321 млн теңге жымқырылды

200 мың теңгелік кресло 20 млн-ға алынған: ЖОО-да 321 млн теңге жымқырылды

Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Қаржылық мониторин агенттігі хабарлады. 

Тергеу барысында мемлекетке келтірілген жалпы залал көлемі 321 млн теңгені құраған, оның 264 млн теңгесі қайтарылған.

Күдіктілер қатарында университеттің бұрынғы бірінші проректоры, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары бар.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер тауарлар нақты жеткізілмеген немесе жасанды түрде қымбат бағамен сатып алынған жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жасаған. Аударылған қаражат байланысы бар жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың шоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөлінген.

Мәселен, университет басшылығы нарықтық құны 200 мың теңгеден аспайтын бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алған.

Сонымен қатар, нақты жеткізілімдердің болмауын жасыру үшін тозған тауарлық-материалдық құндылықтар балансынан формалды түрде есептен шығарылып, іс жүзінде пайдаланылған. Ал олардың орнына келуі тиіс жаңа тауарлар жеткізілмеген.

Сот санкциясымен күдіктілердің 4 тұрғын үйіне, 1 автокөлігіне және банктік шоттарындағы 40 млн теңге қаражатқа тыйым салынды. Қылмыстық іс сот қарауына жолданды.

Ұқсас материалдар