![АХҚО Басқарушысы Қазақстан сквош федерациясының президенті болып сайланды](/uploads/posts/1739448193_OuS_DzH26Hc5pi63afW1xo3TWg7DZ7CU/image/post7.png)
Фото: Ренат Бектұров / squash.org.kz
Қазақстан сквош федерациясының жаңа президенті болып АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров сайланды. Бұл туралы ұйымның 9 ақпанда өткен жыл сайынғы жиналысында жарияланды.
Айта кетейік, бұған дейін федерация президенті лауазымын Талант Омарбеков атқарып келген еді.
«Сквош шетелде кеңінен таралған – 185-тен астам елде 20 миллионнан аса адам ойнайды. Енді ол Қазақстанда да жүйелі түрде дамып келеді. Әсіресе қала тұрғындарының қолжетімді әрі қызықты спорт түрлеріне деген сұранысы жоғары, бұл ретте сквош осы сұранысты толық қанағаттандыра алады. Талант Омарбековке және Федерацияның басқа да құрылтайшыларына атқарылған қыруар жұмыс үшін алғысымды білдіремін және елімізде осы спортты дамытуға әрі ілгерілетуге өз үлесімді қоса аламын деп сенемін», - деді АХҚО Басқарушысы, Қазақстан сквош федерациясының жаңа сайланған президенті Ренат Бектұров.
Федерацияның президенті лауазымы шаруашылық немесе коммерциялық функцияларды атқаруды емес, сквошты жұртшылық арасында насихаттау үшін жетекшілік пен амбассадорлықты білдіреді. Сондай-ақ, осы лауазымдағы жұмыс үшін қандай да бір сыйақы төленбейді.
Сквош – бұл жабық жерде доп пен ракетка арқылы ойналатын спорттың ойын түрі. Ойын жалғыз (екі ойыншы) немесе жұптық (төрт ойыншы) сипатта болуы мүмкін және төрт жағынан қабырғалармен қоршалған кортта арнайы ракеткалармен ойналады. Қазір оны бүкіл әлем бойынша 20 миллионнан астам адам тұрақты негізде ойнайды, 185-тен аса елде 60 мың корт түрінде инфрақұрылым бар. Сондай-ақ сквош 2028 жылы өтетін жазғы Олимпиада бағдарламасына алғаш рет енгізілді.
Қазақстанда спорттың осы түрін ілгерілетумен 2023 жылы Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері құрған Сквош федерациясы айналысады. Қазір ұйымның республиканың әртүрлі аймақтарында 10 филиалы бар, 2024 жылы Азия сквош федерациясының (ASF) мүшесі атанды және халықаралық ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруда.