Фудтех нарығындағы ойыншылардың бірі — Airba Fresh сервисі Астана қаласындағы қызметін уақытша тоқтатады. Бұған қатысты бірнеше себеп айтылады. Оның бірі - азық-түлік жеткізу тізбегіндегі қиындықтарға байланысты, тағы бір себеп ретінде қаржылық қиындықтар туындаған. Бұл туралы бірқатар қазақстандық БАҚ хабарлады.
Қызмет 10 ақпанға дейін жұмыс істейді. Қазір платформада тауарлар қорын азайту мақсатында 60%-ға дейінгі жеңілдіктермен ірі сатылым жүріп жатыр.
Airba Fresh жобасы 2022 жылдың қарашасында іске қосылған. Заңды тұлға ретінде сервис 2021 жылы тіркелген. 2023 жылы компания Алматыда алғашқы офлайн супермаркетін ашты. Астана нарығына сервис 2024 жылдың желтоқсанында шыққан еді. Ата кетейік, сервис Технодом компаниясының құрылтайшысы Эдуард Ким мен Ренат Исмаиловке тиеселі. Ал Кимнің ұлы Даниэль Ким сегіз ай бұрын құрылтайшылар құрамынан шығарылған, алайда әлі күнге дейін компания басшысы қызметін атқарады.
Эдуард Ким 2024 жылы барлық бизнес бағыттарын — TechnoDom, Airba Fresh, Airba Market және Airba Pay — бір экожүйеге біріктіру жоспары барын мәлімдеген.
2024 жылдың қазан айында Forbes Kazakhstan Airba Fresh-тің мажоритарлық үлесін Halyk Bank сатып алуы мүмкін деген ақпарат жариялаған. Дереккөздер мәміле шамамен $40 млн көлемінде бағаланғанын және сервис банктің цифрлық экожүйесіне, соның ішінде SuperApp пен адалдық бағдарламасына біріктірілуі ықтимал болғанын айтқан.
Алайда қараша айында Airba Fresh Halyk қосымшасының ішінде жеке сервис ретінде іске қосылды. Halyk Bank-тің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Forbes Kazakhstan YouTube арнасында фудтехпен тек серіктестік форматта жұмыс істейтінін, сатып алу жөнінде келісім болмағанын мәлімдеді. Артынша Airba Fresh –тің Астанадағы қызметі тоқтайтыны туралы хабарланды. Алматыдағы қызметтің болашағы туралы компания әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Эдуард Ким 2025 жылғы Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені рейтингінде 50-орында аталып, оның байлығы $190 млн деп бағаланған.





