AIX-те I-REC жаңартылатын энергия көздері сертификаттарымен алғашқы мәміле жасалды

фото: AIX баспасөз қызметі
Astana International Exchange биржасында I-REC (International Renewable Energy Certificate) жаңартылатын энергия көздері сертификаттарымен сауда-саттық басталды, деп хабарлады AIX баспасөз қызметі.
1000 сертификатты сатып алу бойынша алғашқы мәміле қазақстандық жаңартылатын электр энергиясын өндіруші «Samruk-Green Energy» ЖШС мен Valor Carbon лондондық трейдингтік фирмасы арасында жасалды.
I-REC жаңартылатын энергия сертификаттарының ерікті нарығының халықаралық көшбасшыларының бірі және 50-ден астам елде қолданылады. Сертификаттар энергияның жаңартылатын көздерден алынғанын растайды. ECOJER қауымдастығы верификациялайтын бұл сертификаттар 2024 жылдың қыркүйегінде AIX-тегі жауапты қаржыландыру өнімдерінің қатарына енгізіліп, биржадағы алғашқы экологиялық құрал атанған болатын.
«Экологиялық құралдармен сауда жасауға деген қызығушылықтың артуын ескере отырып, AIX өз қатысушылары үшін мүмкіндіктерді кеңейтті. Біз платформамызда I-REC сертификаттарымен сауда жасауға мүмкіндік беретін ресми аккредитацияға қол жеткіздік. Қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша он шақты компания ғана осындай аккредитацияға ие. Бұл жаңашылдық қазіргі қатысушылар арасында экологиялық құралдарға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, AIX биржасына жаңа компанияларды тартады деп күтілуде», дейді AIX басқарма төрағасы Әсел Мұқажанова.