АҚШ билігі грин-карта, яғни елде тұрақты тұруға мүмкіндік беретін ықтиярхат алу тәртібін күшейтті.
Енді шетел азаматтары грин-картаға өтінішті, ерекше жағдайларды қоспағанда, АҚШ аумағынан тыс жерде ғана бере алады.
Бұл туралы АҚШ-тың азаматтық және иммиграциялық қызметі хабарлады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, жаңа талап иммиграциялық жүйенің заңға сай жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, құқықтық олқылықтарды пайдаланудың алдын алуға бағытталған.
Жаңа ережеге сәйкес, студенттік, туристік немесе уақытша жұмыс визасымен келген азаматтар визада көрсетілген мерзім аяқталған соң елден шығуға міндетті.
АҚШ тарапының мәліметінше, өзгерістер грин-картадан бас тартылғаннан кейін шетелдіктердің елде заңсыз қалып қоюын және кейін оларды депортациялау жағдайларын азайтуды көздейді.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп грин-карта беру бағдарламасын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын.





