
Ақтау теңіз порты арқылы экспортталатын астықты қабылдау уақытша шектелді. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы хабарлады.
Компанияның мәліметінше, шектеулер кемелердің біркелкі келмеуінен туындаған. Қыркүйек айында портқа жалпы жүк көтергіштігі шамамен 50 мың тоннаны құрайтын 14 кеме келген. Соның салдарынан порттың кіреберісі мен терминалдарында 700-ге жуық астық тиелген вагон жиналып қалған.
«Шектеулер жылжымалы құрамның тоқтап қалуын және инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуін болдырмау үшін енгізілді. Кеме қатынасы кестесі тұрақтанғаннан кейін астық жүктерін қабылдау толық көлемде қайта басталады», – делінген ҚТЖ хабарламасында.
Сонымен қатар, шығыс бағытта, атап айтқанда Қытайға жөнелтілетін астық көлемінің де төмендегені байқалады. Бұған Қытай Халық Республикасының фитосанитариялық және карантиндік органдарының мерекелік кезеңде тексеру мерзімдерін 5 күннен 10 күнге дейін ұзартуы себеп болып отыр.
Айта кету керек, ішкі нарыққа және әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша астық жеткізілімі шектеусіз жалғасуда.