Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алғашқы 20 тонна қазақ балы Венгрияға жөнелтіледі

Алғашқы 20 тонна қазақ балы Венгрияға жөнелтіледі

Қазақстандық табиғи балға Еуропа нарығы қызығушылық танытуда. Венгрияның Aranynektár Kft және Fulmer Hungarian Honey Ltd компаниялары қазақстандық өндірушілермен тікелей жұмыс істеуге ниет білдірді.

Бұл туралы QazTrade ұлттық экспортты ілгерілету операторы хабарлады.

Aranynektár Kft жылына 4 мың тоннаға дейін балды қайта өңдеп, ЕО елдеріне, Таяу Шығыс пен Азияға экспорттайды. Компания қазақстандық балдың сапасын жоғары бағалап, сатып алуға дайын екенін жеткізді. Ал Fulmer Hungarian Honey Ltd – ғасырлық тарихы бар отбасылық бизнес, бүгінде органикалық бал өнімдерін 40-қа жуық елге шығарады. Оның директоры Ференц Фулмер қазақ балын «табиғи әрі ерекше дәмімен» жоғары бағалады.

QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаровтың айтуынша, Венгрияда ұлттық оператордың серіктес кеңсесі жұмыс істейді. Ол жергілікті компаниялармен тікелей байланыс орнатып, қазақстандық экспорттаушыларға қолдау көрсетіп отыр.

Келіссөздер нәтижесінде алғашқы 20 тонна балды жеткізу жоспарланған. Қазір Венгрияда 80-нен астам бал үлгісі зертханалық тексерістен өтуде.

2024 жылы Қазақстаннан бал экспорты $1,58 млн құрап, 57%-ға артқан. Бүгінде қазақ балы Қытай, Канада, АҚШ, Сауд Арабиясы, БАӘ және басқа да елдердің нарығына шыққан.

Ұқсас материалдар