Экономика
Alibaba Қазақстанда қосымша құн салығын төлейтін болады
Қытайдың Alibaba International Digital Commerce Group интернет-гиганты Қазақстанда ҚҚС төлеуші ретінде шартты тіркеуден өтеді, деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК).
«Мемлекеттік кірістер комитеті мен Alibaba International өкілдері кездесу барысында цифрлық экономикадағы халықаралық салық салуды дамыту мәселелерін, сондай-ақ Қазақстандағы электронды коммерция саласындағы заңнама мен салықтық әкімшілендірудегі соңғы өзгерістерді талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша Alibaba халықаралық цифрлық коммерция тобын ҚҚС төлеуші ретінде шартты тіркеуге рұқсат етуге шешім қабылданды», - делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
2022 жылдың басынан бастап Қазақстанда «Google салығы» немесе «цифрлық салық» деп аталатын заң күшіне енді. Оның аясында қазақстандық тұтынушыларға цифрлық қызмет көрсететін халықаралық компаниялар 12% көлемінде ҚҚС төлеуі керек. Олардың қатарына сыртқы сауда алаңдары (маркетплейстер) де кіреді. Ол үшін компаниялар ҚҚС төлеуші ретінде шартты тіркеу рәсімінен өтуі қажет. Қазірдің өзінде «цифрлық салықты» төлейтін компаниялардың арасында Google, Apple, Netflix, Amazon, Temu және т.б.бар.