Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бөлінген мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемдену фактісі бойынша қылмыстық іс аяқталып, сот үкімі шықты.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «БАҒДАУЛЕТ и ПК» және «АМАНТАУ-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басшылары екі жыл бойы жалған құжаттар арқылы мемлекеттен заңсыз субсидия алып келген.
Тергеу барысында күдіктілердің ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу, сондай-ақ сары май мен қатты ірімшік өндіру және өткізу жөнінде шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер ұсынғаны анықталды. Осы жалған құжаттардың негізінде бюджеттен жалпы сомасы 251 миллион теңгеден астам субсидия төленген.
Алайда тексеру барысында аталған кооперативтердің бұл қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік базасы, арнайы жабдықтары, жұмыс күші мен өзге де материалдық ресурстары болмағаны белгілі болды.
Сонымен қатар тергеу барысында «ComputerService» жеке кәсіпкерлігі арқылы жалған электрондық шот-фактуралар рәсімдеу схемасы әшкереленді. Бұл құжаттар кәсіпорындардың салықтық міндеттемелерін жасанды түрде азайту үшін пайдаланылған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке төленбей қалған салық көлемі 416 миллион теңгеден асқан.
Сот қылмыстық схемаға қатысы бар екі азаматты кінәлі деп танып, оларды 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Бұдан бөлек, заңсыз алынған қаражат есебінен сатып алынған BMW маркалы автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.





