Соңғы екі жылда сот шешімімен бұрын сенімгерлік басқаруға берілген стратегиялық маңызы бар нысандар Алматы облысының коммуналдық меншігіне қайтарылды.
Облыс әкімдігі мемлекет меншігіне қайтарылған маңызды нысандарды атады:
– Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі. 2016 жылы сенімгерлік басқаруға берілген, алайда инвестор 66,6 млн теңге инвестиция қарастырылған келісім шарттарын орындамаған. Сот өндірісінің нәтижесінде мүлік қайтадан мемлекет меншігіне өтті.
– 2019 жылы Есік көліндегі бөгет сатып алу құқығынсыз 49 жылға сенімгерлік басқаруға берілген. Учаскенің аумағы - 141,643 гектар. 2018 жылғы тендер шарты бойынша инвестор 1,1 млрд теңге салуы керек еді, бірақ міндеттеме орындалмады. 2024 жылы сот мүлікті мемлекет меншігіне қайтарды.
– Есік көлінің бөгетін кешенді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін осы жылы 23 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл ауыл шаруашылығын, жергілікті тұрғындарды тұрақты сумен қамтамасыз етіп, туризм инфрақұрылымының дамуын жақсартады, бұл өңір экономикасына оң әсерін тигізеді, – деп атап өтті әкімдіктен.
– Қаскелең қаласындағы өнер мектебінің екі ғимаратын жеке инвестор 134 млн теңгеге сатып алған, бірақ онымен жасалған келісім-шарт жарамсыз деп танылды. Қаржы басқармасы шешімге шағымданғаннан кейін бұл нысандар коммуналдық меншікке қайтарылды.
– Алматы экономикалық колледжі де мемлекет меншігіне қайта өтті.
Коммуналдық меншікті түгендеу барысында 967 бос және тозығы жеткен ғимарат анықталды. Оның ішінде 188-і қараусыз қалған, 341-і бос тұрған коммуналдық ғимараттар, сондай-ақ білім, денсаулық сақтау және республикалық мүлік басқармаларының қарамағындағы нысандар бар.
– Бұл ғимараттардың кейбірі бұзылады, басқалары аукционға қойылады, ал кейбіреулері қалпына келтірілетін болады, – деп түсіндірді қаржы басқармасы.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Ұзақова атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
– Біз бұл ғимараттардың заманауи оқу орындарына, спорт кешендері мен мәдениет ошақтарына айналу мүмкіндігін көріп отырмыз. Мемлекеттік меншік қоғам игілігі үшін жұмыс істеуі керек, – деді ол.
Қазірдің өзінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 69 нысан іріктеліп алынды, оның бесеуі бойынша әлеуетті серіктестерді іздеу конкурстары басталды. Билік мемлекеттік мүлікті тиімді басқару жаңа инвестиция тартып, жергілікті бюджетке қосымша кіріс көзін ашатынына сенімді.