
Алматыда 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында туристерге көрсетілген қызмет көлемі 50,1 млрд теңгені құрады.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6%-ға артық, деп хабарлады қалалық Туризм басқармасы.
Мекеменің мәліметінше, мұндай өсім мегаполистің туризм саласында тұрақты даму байқалатынын және ішкі әрі шетелдік туристер тарапынан қызығушылықтың артқанын көрсетеді.
"Бүгінде Алматы туристік орталық ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Қаладағы орналастыру орындарының сыйымдылығы – 22 768 төсек-орын, бұл туристерді көптеп қабылдауға мүмкіндік береді", – делінген басқарманың хабарламасында.
Қазіргі уақытта қалада 377 орналастыру нысаны жұмыс істейді, ал нөмірлік қор 12 552-ге жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға артқан.
2025 жылдың басынан бері жеке инвестициялар есебінен 34 жаңа туристік нысан пайдалануға берілген. Олардың қатарында:
-
11 қонақ үй
-
1 глэмпинг
-
1 капсулалық қонақ үй
-
18 хостел
-
3 демалыс базасы бар.
Жаңа нысандар туристер үшін жайлы жағдай жасаумен қатар, қаланың халықаралық аренадағы тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, қала әкімдігі жанындағы жобалық кеңсе шеңберінде 6 794 нөмірге арналған 58 қонақ үй құрылысы мен 35 туристік нысанның жобалау және құрылыс жұмыстары бақылауға алынған. Бұл Алматы туризмінің ұзақ мерзімді әлеуеті зор екенін айғақтайды.