Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматыда «Алтай би» тарихи дастанының тұсаукесері өтеді

Алматыда «Алтай би» тарихи дастанының тұсаукесері өтеді

Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада Дүкен Мәсімханұлының «Алтай би» (тарихи дастан) атты кітабының тұсаукесері өтеді.

Алтай Найманбайұлы — би, шешен, Жетісуды жоңғарлардан азат етуге ат салысқан қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі. Өз заманында аянбай қызмет етіп, әділдіктің ақ туын биік ұстанған дана би болған. Қазақ-жоңғар соғысы дәуірінде шешендігімен, дипломатиялық шеберлігімен көзге түскен.

Алтай би Жетісу өлкесін жоңғар шапқыншылығынан қорғауда батырлығымен, әрі әділдігімен есімі елге танымал болған би. Сол кездегі қазақтың төбе билері Қазыбек би, Әйтеке би, Төле билермен ақылдаса отырып, қазақ халқының Абылайды ақ туының астына бірігіп,  елін жоңғар шапқыншылығынан азат етуге тікелей араласқан тұлға.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» уақытында Жетісу өңірі қазақтары Сарыарқа, Қаратау, Түлкібас пен Қазығұрт өңірлеріне босып кеткен еді. Енді азат етілген аймаққа сол жерлерден халықты қайтаруды іске асыруды қолға алған тұлғалардың көш басында Алтай би Найманбайұлы тұрды.

Бұған дейін Алтай би туралы зерттеулер аз болды. Бұл олқылықтың орнын толтырып, Дүкен Мәсімханұлы арнайы зерттеп, дастан жазып шықты. Бұл еңбек Алтай Найманбайұлы туралы, оған орнатылған ескерткіш, ерлігін дәріптеуде атқарылып жатқан басты іс-шаралардың бірі болмақ.

Алтай Найманбайұлының ұрпақтары бүгінде Алматы облысының Таушелек өңірінде тұрады. «Найманбайұлы Алтай би» қоғамдық қоры жұмыс істейді. Қордың бастамасымен бұған дейін Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сондай-ақ,  1853 жылғы Патшалық Ресейдің карталарынан қазіргі Жетісу облысы Сарқан ауданы Көктерек ауылына жақын жерде жатқан жері анықталған. Молдабай  қыстағының түбінде «Алтай би мазары» маңындағы көлдер де «Алтай көлдері» деген деп аталады. 

Айта кетейік, кітап авторы Дүкен Мәсімханұлы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, ақын, аудармашы, көрнекті қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры.

Көрнекі фото: e-history.kz

Ұқсас материалдар