Алматыдағы Ж.Жабаев атындағы №161 лицейде «Есімхан Қанағатов атындағы қалалық физика олимпиадасы» зияткерлік сайысының ашылу салтанаты мен олимпиаданың 1-кезеңі өтті.
Олимпиада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, физика-техникалық факультетінің мамандарының қолдауымен, «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау» орталығының сүйемелдеуімен және Алматы қалалық Білім басқармасының мақұлдауымен ұйымдастырылған.
Олимпиада Медеу аудандық педагогтер ардагерлер кеңесінің төрағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Әкімжан Сайлыбаев құттықтау сөзімен ашылды. Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті физика-техникалық факультетінің теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, профессор, физика–математика ғылымдарының докторы Медеу Абишев сөз алып, ғылым жолы білім жолы екендігін, ел болашағы терең білімде екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жамбыл Жабаев атындағы №161 лицейдің директоры Тұнық Сарыбаева «Білімді ұстаз, білікті көшбасшы» тақырыбында баяндама жасап, лицейдің негізін қалаған Есімхан Қанағатовтың еңбек жолы мен лицей тарихы туралы айтып берді.
Сонымен қатар Есімхан Қанағатовтың қызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің деканы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Мадина Мансурова ұйымдастырушыларға алғыс айтып, оқушыларға білім жолында сәттілік пен ізденіс тіледі. Есімхан Қанағатовпен көп жылдар бірге қызмет еткен Тілеухан Алғазиев ұстаздың адамгершілік қасиеттері туралы естеліктерімен бөлісті.
Олимпидаға қала мектептерінің жаратылыстану, физика-математика бағытындағы 9-11 сыныптарының 100-ге жуық оқушылары өтінім берген. Бірінші турға олардың арасынан 70 оқушы қатысты. 1-тур теориялық бағытта болды. Бұл тур бойынша 50 пайыздан жоғары ұпай жинаған оқушылар 2-турға жіберіледі.
Екінші эксперименталді кезең 25 қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, физика-техникалық факультетінің зертханаларында өтеді. Олимпиаданың 2-кезеңі барысында профессор М.Абишев және профессор О. Имамбек физика пәнінің мұғалімдерімен ғылыми-тәжірибелік семинар өткізеді. Олимпиада соңында қатысушылармен «Ашық есік» кәсіби бағдарлау жұмысы ұйымдастырылады.
Олимпиаданың жабылу салтанаты мен марапаттау әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, физика-техникалық факультетінде өткізіліп, жеңімпаздарына дипломдар және қаржылай сыйақылар табысталады.
Есімхан Баймұхамедұлы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының физика факультетінің 1969 жылғы түлегі. Өмірін білім саласына арналған ұстаз 1990 жылы №123 мектептің директоры, 1993-2010 жылдары Ж.Жабаев атындағы №161 лицей директоры қызметін атқарды. 1991-1993 жылдары Мәскеу қаласында «Вальдоров педагогикасы» бойынша 2 жылдық курсты бітіріп, қала мектептеріне шетелдік білім жүйесінің тәжірибесі бойынша дәріс оқыды. «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медалдарымен марапаттылған. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері.





