Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматыда мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі алаяқтық схемасы әшкереленді

Алматыда мемлекеттік сатып алу саласындағы ірі алаяқтық схемасы әшкереленді

Алматы қаласында мемлекеттік сатып алу саласына қатысты ірі алаяқтық схемасы әшкереленді.

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Алматы қаласы бойынша департаменті хабарлады.

Ведомство мәліметінше, мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық фактісі бойынша жүргізілген тергеп-тексеру аяқталған. Тергеу барысында "КазСтройОпыт LTD" ЖШС басшысы консалтингтік қызмет көрсету желеуімен коммерциялық ұйымдарға құрылыс жұмыстары бойынша жалған тәжірибе қалыптастыру схемасын ұйымдастырғаны анықталған.

Схема аясында "Электрондық депозитарий" жүйесіне орындалған жұмыстар мен нысандарды пайдалануға беру туралы жалған актілер енгізіліп отырған. Соның нәтижесінде клиент-компаниялар мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде негізсіз артықшылықтарға ие болған.

ҚМА дерегіне сәйкес, бұл қызмет әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы ашық түрде жарнамаланған. Қылмыстық топ құрамында 11 адам болған. Сонымен қатар, тергеу барысында Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғаларына жалған жұмыс тәжірибесін растағаны үшін заңсыз сыйақы жеткізіп отырған делдалдар да анықталған.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін бақылаудағы заңды тұлғалар пайдаланылып, солар арқылы қаражат жиналып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған. Ал қылмыстық табыс көлемі 490 млн теңгеден асқан.

Тергеп-тексеру барысында жалған жұмыс тәжірибесін пайдаланып, мемлекеттік сатып алуларға қатысқан 56 компания анықталды. Бұл ұйымдарға қатысты материалдар тексеру жүргізу үшін уәкілетті органдарға жолданған.

Қазіргі уақытта үш күдікті қамауға алынды. Тағы сегіз адамға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚМА Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.

Ұқсас материалдар