Байден әкімшілігі Трамп инаугурациясына дейін Украинаға көмек қорын толық пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы хабарлайды.
АҚШ Украинаға Patriot және NASAMS жүйелеріне арналған 500-ден астам зымыран жеткізуді жоспарлауда
АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Дональд Трамп билікке қайта келгенге дейін Украинаға көмектесу үшін қалған қаражатты пайдалану жоспарын жүзеге асырудың жолдарын іздестіруде.
«Пентагонның Киевке АҚШ-тағы қоймаларда сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрі беру үшін 7 млрд доллардан астам қаражаты бар. Бұдан басқа, Украинаға арналған ұзақ мерзімді қару-жарақ өндіру келісім-шарттарын қаржыландыруға тағы 2 млрд доллардан астам қаражат қарастырылған», – деп жазады басылым.
Сонымен қатар, мұндай қаржыны тез игеру жоспары бірқатар логистикалық қиындықтарға тап болғаны және бұл қару-жарақ жеткізілімі АҚШ-тың қоймаларында қарудың таусылуына байланысты жағдайды ушықтыруы мүмкін деген қауіп бар. Сонымен бірге, АҚШ Украинаға Patriot және NASAMS жүйелері үшін 500-ден астам зымыран жеткізбекші. Бұл алдағы апталарда жүзеге асырылатыны да айтылып қалды. Вашингтондағы шенеуніктер бұл зымырандардың Украинаға осы жылдың соңына дейін жеткізілетінін болжап отыр.
Сондай-ақ, Байден әкімшілігі АҚШ одақтастарын дәл осындай зымырандарды Киевке жеткізуді қолға алуға шақырды. АҚШ-тың Украинаға F-16 ұшақтарын жеткізуге қатысты шараларына көмек көрсету мақсатында Киевке көмек ретінде қарапайым адамдар жіберуді жоспарлап отырғаны да хабарланды. Бұл мамандар әскери болмаса да, тылда жұмыс істеуі мүмкін.
«Тамыз айында Байден әкімшілігі мұндай қадамнан бас тартқан еді. Алайда, F-16 ұшақтарын басқаратын кәсіби персоналдың жетіспеушілігінен пайдалану қиынға соққан», – деп жазады басылым.
Осы жылдың күзінде Байден өз мерзімінің соңына дейін Украинаға көмек ретінде Конгресс бөлген қаражатты тиімді пайдалануды көздеп отырғанын мәлімдеді. Бірақ қосымша қаражат бөлу туралы Конгресс келісімге әлі келмеді.
Айта кету керек, АҚШ президенті боп сайланған Дональд Трамптың инаугурациясы 2025 жылдың 20 қаңтарында өтеді.