Кеше «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және Lesha Bank LLC «Bereke Bank» АҚ-ның 100% акцияларын сату мәмілесінің аяқталғаны жайында ресми хабарлады.
Тараптардың хабарлауынша келісімнің барлық шарттары сәтті келісілді. Мәмілені қазақстандық реттеушілер, оның ішінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі барлық тұрғыдан мақұлдады.
«Bereke Bank»-тің хабарлауынша қаржы институты клиенттер алдындағы барлық міндеттемелерін орындауды жалғастырады. Банк қазіргі клиенттері үшін өнімдер бойынша ағымдағы шарттарды сақтайды және өз қызметін коммерциялық әмбебап банк мәртебесінде жалғастырады.
Акционер ауысқаннан кейін банктің нарықтағы позициясын одан әрі нығайту жоспарлануда. Жаңа акционердің келуімен екінші деңгейдегі банктер арасында бәсекелестіктің күшеюі, жаңа технологияларды енгізу және экономиканың нақты секторына кредит беруді дамыту күтілуде.
«Банкті сатып алу біздің инвестициялық портфельді нығайтудағы стратегиялық қадамды білдіреді және елдеріміз арасындағы байланысты нығайтады. Бұл біздің трансшекаралық мүмкіндіктерді дамыту және халықаралық нарықтарда қатысуды арттыру жөніндегі ұзақ мерзімді көзқарасымызға сәйкес келеді», - деп атап өтті Lesha Bank басшысы Мохаммед Исмаил әл Эмади.
Lesha Bank Катар қор биржасында (QSE: QFBQ) тіркелген және банк операцияларын жүргізуге Qatar Financial Center Regulatory Authority лицензиясы бар. Банк инвестициялық банкинг және активтерді басқару саласында жұмыс істейді, Катар, АҚШ, Еуропа нарықтарында, сондай-ақ Таяу Шығыс аймағында өз қызметтерін ұсынады.