Bilim Group негізін қалаушы Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің қатарына енді
Bilim Group негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы Forbes Kazakhstan жариялаған Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің рейтингіне енді. Ол тізімде 42-орынға орналасты. Ол 2024 жылғы рейтингте де болған: сол кезде 50-орынға жайғасқан.
Forbes Кенжеханұлын электронды оқыту саласында жұмыс істейтін Bilim Group компаниясының негізін қалаушы әрі тең құрылтайшысы ретінде таныстырады. Рейтингтегі профилінде оның «Ұлттық аударма бюросы» корпоративтік қоры мен OpenU жобасына қатысы, сондай-ақ «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының тең құрылтайшысы әрі президенті екені көрсетілген.
Bilim Group-тың дерегінше, оның өнімдерін 4 300-ден астам балабақша, 7 200 мектеп, 268 колледж және 100-ден астам жоғары оқу орны пайдаланады. Күнделікті аудиториясы 2 миллионнан асады.
Кенжеханұлының қызметі білім беру бизнесімен ғана шектелмейді. Forbes профилінде оның қазақ тіліндегі білім мен ағартушылық контентті дамытуға бағытталған жобаларға қатысқаны айтылады: соның ішінде қазақша Wikipedia бөлімін дамыту, қазақ тілін Google Translate жүйесіне енгізу, TED дәрістерін қазақшаға аудару және Kitap.kz ашық кітапханасын құру бар. Сонымен қатар "Әділет" партиясын құруға бастамашылардың бірі болған.
Айта кетейік, 2026 жылғы тамызда Тимур Турлов басқаратын Freedom Holding Corp. Bilim Group компаниясының негізгі қатысушысына айналды. Мәміленің сомасы мен сатып алынған үлестің көлемі жарияланған жоқ. БАҚ жазуынша Кенжеханұлы мәмілені компаниялар арасындағы көпжылдық ынтымақтастықтың жалғасы деп атады.
Forbes Kazakhstan рейтингі бизнесмендердің байлығын ғана өлшемейді. Басылымның түсіндіруінше, бастапқы іріктеуде кәсіпкерлік қызметпен қатар қоғамдық және демеушілік белсенділік ескерілген. Кейінгі кезеңде қатысушылар капиталы, компанияларындағы қызметкерлер саны және 2025 жылы төлеген салық көлемі бойынша бағаланып, сарапшылардың пікірі де есепке алынған. Рейтинг редакциялық бағалау болғандықтан, оны ресми құжат ретінде қарастыруға болмайды.





