Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Бизнесті дамытудың жаңа құралы: Цифрлық карта іске қосылды

Бизнесті дамытудың жаңа құралы: Цифрлық карта іске қосылды

Қазақстанда кәсіпкерлікке қатысты ашық деректерді біріктіретін Бизнестің цифрлық картасы (БЦК) іске қосылуда.

Жаңа платформа Ұлттық экономика министрлігінде өткен кеңесте таныстырылды. Оған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық етті.

Цифрлық картаны «Атамекен» ҰКП әзірлеген. Бұл – дэшбордтар, болжамды модельдер және ашық статистикамен жабдықталған заманауи ақпараттық-талдамалық жүйе. Платформа кәсіпкерліктің даму жағдайын көрсетуге, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалауға, инвестициялық белсенділікті талдауға мүмкіндік береді.

«Жаңа жүйе мемлекеттік және ведомстволық деректер базаларымен біріктіріледі. Бұл кәсіпкерлік ахуалын объективті бағалауға жол ашады», – деді «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов.

Бизнестің цифрлық картасы не береді?

  • Мемлекеттік қолдау шаралары туралы ашық ақпарат

  • Өңірлер бойынша экономикалық басым бағыттар

  • Инвестициялық жобалар мен міндетті талаптар

  • Қызмет түрлері мен өнімдерге сұраныс бойынша деректер

Кәсіпкерлер осы мәліметтерді пайдалана отырып, тиімді стратегиялар жасап, жаңа нарық тауашаларын анықтап, дамуын нақты жоспарлай алады.

Ал мемлекет үшін бұл карта:

  • Инвестициялық жобаларды қадағалау,

  • Сала бойынша сұраныс пен ұсынысты талдау,

  • Қолдау шараларының тиімділігін бағалау,

  • Бизнестің қарсы міндеттемелерін бақылау құралы болмақ.

Жоба 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары аясында іске асырылып жатыр және «Атамекен» ҰКП тарапынан толық қаржыландырылады.

Қазіргі таңда шағын және орта бизнес ел экономикасының 40%-ын және жұмыспен қамтудың жартысына жуығын қамтамасыз етіп отыр. Бизнестің цифрлық картасы осы көрсеткіштердің өсуіне серпін береді деп күтілуде.

Қазіргі уақытта QazTech платформасы базасында БЦК-ны енгізу жұмыстары пысықталып жатыр.

Ұқсас материалдар