Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Блогер Қайсар Қамзаға ресми түрде іздеу жарияланды

Блогер Қайсар Қамзаға ресми түрде іздеу жарияланды

Қазақстандық танымал блогер Қайсар Қамзаға ресми түрде іздеу жарияланды.

Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланған мәліметте көрсетілген.

Дерекке сәйкес, 1995 жылы 18 қыркүйекте туған Қамза Қайсар Бақытжанұлы 2024 жылдың 10 қаңтарынан бері іздестіріліп жатыр. Іздеу шараларын Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізуде.

Қазіргі уақытта блогерге қатысты қозғалған қылмыстық істің нақты бабы мен мән-жайы ресми түрде хабарланған жоқ. Тергеу органдары қосымша ақпарат таратпаған.

Айта кетейік, Қайсар Қамза – әлеуметтік желілерде кеңінен танымал тұлға. Оның Instagram желісінде 2,6 миллионнан астам, ал TikTok-та 340 мыңнан аса жазылушысы бар. Ол көбіне шетел сапарларынан контент жариялап, тревел-блогер ретінде танылған. Сонымен қатар, бірқатар отандық фильмдерге де түскен.

Бұған дейін блогердің Үндістандағы сапары кезінде түсірілген бейнежазбалары қоғамда резонанс тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан сынға ұшыраған еді.

Құзырлы органдар істің егжей-тегжейі тергеу аяқталғаннан кейін ғана жарияланатынын мәлімдеді.

Ұқсас материалдар