Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Бюджет кірісі 6,4 трлн теңгеге жетті

Бюджет кірісі 6,4 трлн теңгеге жетті

Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев 2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы мемлекеттік қаржы көрсеткіштерін таныстырды.

Министрдің мәліметінше, есепті кезеңде мемлекеттік бюджеттің кірістері трансферттерді есептемегенде 6,4 трлн теңгені құрап, жоспар 104,3%-ға орындалған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда түсімдер 931 млрд теңгеге немесе шамамен 17%-ға артқан.

Республикалық бюджет кірістері 4,2 трлн теңгеге жетіп, 102%-ға атқарылды. Ал жергілікті бюджет түсімдері жоспардан 193 млрд теңгеге асып, 2,3 трлн теңгені құрады.

Салық түсімдері де өсім көрсеткен. 2025 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда өсім 20%-ды құрап, бюджетке 1 трлн теңгеден астам қосымша кіріс түскен. Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша түсімдер 165 млрд теңгеге ұлғайды.

Министрдің айтуынша, бюджет кірістеріне сыртқы макроэкономикалық факторлар әсер еткен. Бірінші тоқсанда мұнайдың орташа бағасы барреліне 80,6 доллар деңгейінде қалыптасты.

Сонымен қатар мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы республикалық бюджетке оң әсер етіп, қосымша 40,5 млрд теңге түсім қамтамасыз еткен.

Министр мемлекеттік қаржының тұрақтылығы сақталып, барлық әлеуметтік міндеттемелер уақытылы қаржыландырылғанын атап өтті.

Ұқсас материалдар