OpenAI кәмелетке толмағандарды қорғау үшін ChatGPT-ке пайдаланушылардың жасын автоматты түрде анықтайтын жүйе енгізді.
Жаңа алгоритм аккаунт деректерін, қолдану уақыты мен сұраулардың сипатын талдау арқылы пайдаланушының 18 жасқа толған-толмағанын болжайды.
Егер жүйе пайдаланушыны жасөспірім деп анықтаса, қосымша қауіпсіздік шаралары іске қосылады. Атап айтқанда, зорлық-зомбылыққа, өзіне зиян келтіруге қатысты контент пен қауіпті онлайн сынақтарға қолжетімділік шектеледі. Бұл ретте жасөспірімдер ChatGPT-ті оқу, шығармашылық және анықтамалық мақсатта пайдалана алады.
OpenAI жасты болжау тетігі сарапшылық бағалаулар мен баланың дамуына қатысты ғылыми зерттеулерге негізделгенін атап өтті. Жас қате анықталған жағдайда, пайдаланушы селфи немесе жеке куәлік арқылы кәмелетке толғанын растай алады.
Айта кетейік, бұл тақырып Еуропа мен Австралияда жасөспірімдердің цифрлық платформаларды пайдалануын шектеу мәселесі талқыланып жатқан тұста өзекті бола түсті. Сонымен қатар, АҚШ-та OpenAI-ге қатысты сот ісі де қоғам назарын аударып отыр.





