Цифрлық қаржы активтерінің айналымына рұқсат берілмек – Мәдина Әбілқасымова
Қазақстанда цифрлық қаржы активтерінің айналымына заңды түрде рұқсат берілмек.
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында банк қызметі туралы жаңа заң жобасын таныстырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Агенттік басшысының айтуынша, заң жобасының негізгі жаңалығы – активтердің жаңа түрі ретінде цифрлық қаржы активтерін реттеу жүйесін енгізу және олардың ел аумағындағы айналымына жол ашу.
– «Заң жобасы аясында цифрлық қаржы активтерінің үш түрі енгізіледі. Бұл бастама Қазақстанның қаржы нарығын цифрландыру және инновациялық технологияларды дамыту бағытындағы маңызды қадам болмақ», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Оның айтуынша, цифрлық қаржы активтері мынадай үш санатқа бөлінеді:
-
Базалық активі ақша болып саналатын цифрлық активтер (стейблкоиндер).
– Стейблкоиндерді шығару, айналысқа жіберу және өтеу тәртібін Ұлттық банк айқындайды. -
Базалық активі қаржы құралдары, мүліктік құқықтар немесе тауарлар болып табылатын цифрлық активтер.
-
Цифрлық платформада электрондық нысанда шығарылатын қаржы құралдары.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, стейблкоиндерден басқа цифрлық активтерге қатысты талаптарды белгілеу өкілеттігі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне беріледі.
Цифрлық қаржы активтерін цифрлық платформалар операторлары шығарады. Бұл операторлар қаржы нарығының жаңа субъектілері ретінде тіркеледі және олардың қызметіне лицензияны Ұлттық банк береді.
– «Цифрлық активтерге қолданыстағы қаржы құралдарына қойылатын ұқсас талаптар қолданылады. Олардың қатарына тәуекелдерді басқару, ақпаратты ашып көрсету және инвесторлардың құқықтарын қорғау шаралары кіреді», – деп атап өтті агенттік басшысы.
Жаңа бастама Қазақстанның қаржы жүйесін заманауи технологияларға бейімдеп, цифрлық экономика мен финтех секторын дамытуға серпін бермек.





