Салыстырсақ, 2025 жылғы шілдеде елде 20 179 жаңа автокөлік сатылған. Ал биыл қаңтар–шілде аралығындағы жалпы сатылым 127 260 көлікке жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,7%-ға артқан.
ҚАО президенті Анар Мақашеваның айтуынша, Қазақстанның автонарығында жаңа көліктерге деген сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. Сонымен қатар нарықтағы бәсекелестік те айтарлықтай өзгеруде.
«Жергілікті өндірістегі модельдердің позициясы күшейіп, таңдау мүмкіндігі артып келеді. Сатып алушылар көліктің бағасымен қатар, оның технологиясына, сатып алу шарттарына және сатудан кейінгі қызмет көрсету сапасына да барған сайын көбірек мән береді», – деді Анар Мақашева.Шілде қорытындысы бойынша ең көп сатылған бренд – Hyundai. Бір айда дилерлер 3 712 көлік өткізген. Бұл былтырғы шілдедегі көрсеткіштен небәрі 0,4%-ға жоғары.
Екінші орында Chevrolet – 2 855 автокөлік. Алайда брендтің сатылымы бір жыл ішінде 29,5%-ға төмендеген.
Үшінші орынға 2 492 көлік сатқан Kia жайғасты. Оның сатылымы былтырғы шілдемен салыстырғанда 14,8%-ға өсті.
Ал көшбасшылар арасында ең жоғары өсімнің бірін Changan көрсетті. Шілдеде брендтің 2 456 автокөлігі сатылды. Бұл 2025 жылғы шілдемен салыстырғанда 171,7%-ға көп. Нәтижесінде Changan айлық сатылым бойынша үшінші орында тұрған Kia-ға барынша жақындады. Алғашқы бестікті Chery түйіндеді. Бренд бір айда 1 543 көлік сатып, нәтижесін 35,6%-ға жақсартқан.
ТОП-10 қатарына сондай-ақ Jetour – 1 129 көлік (-14,5%), Toyota – 1 019 (+8,1%), JAC – 994 (-10,5%), Geely – 868 (+73,3%) және Haval – 864 көлікпен (-16,6%) кірді.
Жекелеген модельдер арасында Chevrolet Cobalt көшбасшылықты сақтап қалды. Шілдеде Қазақстанда 2 682 Cobalt сатылған. Екінші орында Hyundai Tucson – 1 851 көлік.
Ал Changan CS35 MAX алғаш рет айдың ең көп сатылған үш моделінің қатарына енді. Оның сатылымы 1 070 көлікті құрады.
Шілденің тағы бір ерекшелігі – Kia Cerato-ның нарықтағы ең танымал модельдер қатарына қайта оралуы. Бір айда дилерлер 1 031 Cerato сатып, модель рейтингте бірден төртінші орынға көтерілді. Алғашқы бестікті 820 көлік нәтижесімен Kia Sportage түйіндеді.
2026 жылдың қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша Hyundai әлі де бірінші орында. Жеті айда брендтің 20 959 автокөлігі сатылған. Дегенмен бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 24,7%-ға төмен. Chevrolet екінші орында – 20 441 көлік. Бренд сатылымын бір жылда 17,8%-ға арттырып, Hyundai-мен арадағы айырмашылықты едәуір қысқартқан.
Үшінші орында Kia – 14 824 көлік (+9,9%). Changan сатылымы жеті айда екі еседен астам өсіп, 11 927 көлікке жетті. Өсім – 101,8%. Соның арқасында бренд Қазақстан нарығында төртінші орынға көтерілді. Алғашқы бестікті 9 686 көлікпен Chery (+14,6%) түйіндейді.
Одан кейін Haval – 7 590 (+11,2%), Jetour – 6 903 (-19,4%), JAC – 5 739 (-1,7%), Toyota – 5 016 (-8,8%) және Geely – 3 794 көлікпен (-34,3%) орналасқан.
Жалпы алғанда, жылдың алғашқы жеті айында Қазақстанның жаңа автокөлік нарығы 1,7%-ға ғана өскенімен, брендтер арасындағы күш арақатынасы айтарлықтай өзгеріп жатыр. Әсіресе Changan позициясын жылдам күшейтсе, бұған дейінгі бірқатар ірі ойыншылардың сатылымы төмендеген.





