2021 жыл соңында «Даму» қоры жалпы несие сомасы 2,2 трлн теңге болатын 57,4 мың жобаны қолдаған. Бұл туралы «Ulttyq Onim» көрмесіне арналған баспасөз мәслихатында Қор басшысы Гаухар Бурибаева айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Қор басшысының айтуынша 2020 жылмен салыстырғанда қолдау алған жобалар саны 74%-ға артық. Ал 2022 жылы «субсидия және кепілдік беру құралы бойынша 42 мыңға жуық жобаға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.
"Дамудан" қолдау алған компанияның бірі - «ИГЛИКОВ» ЖК басшысы Төребек Игіліковтің айтуынша Арал ауданында балық өсірумен, өндірумен және өңдеумен айналысатын кәсіпорнын дамытып, экспортқа тауар шығарып жатыр.
«Қазір біз жылына 2000 тонна шикізат өңдейміз және жылына 500 тонна дайын өнім, жылына 300 тонна өнімді цехта тұздап-ыстап, сондай-ақ жылына 100 тонна өнім снек шығарамыз. Біздің компания өз өнімдерін Ресей, Украина, Грузия, Нидерланд, Германия және Қытайға экспорттайды. «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында кепілдік пен субсидия алып, филе цехын іске қостық. Бұл өнімдерді Еуропаға экспорттаймыз. Кейін балық ұнын өндіруге арналған жабдықты сатып алуға қаражат алдық және оны жақын арада оны да іске қосамыз. Осылайша біз қалдықсыз өндіріс құрдық», - дейді ол.
Ал «EURASIA INVEST LTD» ЖШС басшысы Меруерт Рахымбердиева Қытай, Гонконг, Ресейге бие мен түйенің құрғақ сүтін экспорттап, шетелдік көрмелерде Қазақстанның атын шығарып жүр.
«Біздің компания отандық өндіруші ретінде өндірісті дамыту, өндіріс қуатын арттыру, сондай-ақ SAUMAL құрғақ бие сүті және SAUBOTA түйе сүті брендтерін ірі көтерме сатып алушылар мен бөлшек сауда желілеріне өткізу үшін мемлекеттен қолдау алдық», - дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, бүгін «Даму» қоры елордада қаржылай қолдау алған кәсіпкерлердің басын қосып, «Ulttyq Onim» көрмесін ашты.
Үш күн бойы өтетін көрмеде тұрғындар мен қонақтар «Made in KZ» сауда белгісімен шығатын жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдері, жиһаз, ағаштан жасалған тауарлар, зергерлік бұйымдар және басқа да тауарларды да сатып ала алады.
Мұнымен қоса, келушілер үшін «Халық Таңдауы» дегустация конкурсы, қазақстандық жетекші өндірушілердің әйелдер және ерлер киімдерінің коллекцияларының сән көрсетілімі, көрме қатысушылары ұсынатын сыйлықтар ойнатылады.
Сонымен қатар, «Ulttyq Onim» көрмесі – қазақстандық кәсіпкерлердің шетелдік серіктестермен және инвесторлармен кездесуі үшін тамаша алаң. Көрме аясында Кәсіпкерлерге франчайзи компаниялардың форумы мен түрлі шеберлік сыныптары ұйымдастырылады, онда танымал кәсіпкерлер пайдалы білімдері мен тәжірибелерін ортаға салады.
- Бұл – отандық кәсіпкерлердің «Ulttyq Onim» көрмесі. Ол ел арасына кең танылып келеді. Мемлекеттік қолдау шаралары кеңеюде, өндірістер мен жаңа кәсіпкерлер пайда болуда және биыл көрмеде 350 отандық кәсіпкердің тауары ұсынылды. «Даму» Қоры 2010 жылдан бастап шамамен 160 мың жобаны қолдады, оның ішінде басым көбі, яғни шамамен 92%-ы шағын және орта бизнес. 2020 жылдан бастап біздің қолдауымыз негізінен микро және шағын бизнеске бағытталды. Біз «Ulttyq Onim» көрмесі оң мультипликативтік әсер беріп, ШОБ-тың одан әрі дамуына жаңа серпін береді деп күтеміз. Ол Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ өнімді шетелге де жеткізуге мүмкіндік туғызады», - дейді «Даму» қорының басшысы Гаухар Бурибаева.