ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар үшін жаңа стандарттар енгізуді жоспарлап отыр.
Министрлік мүгедектігі бар балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және қарттарға арналған шағын сыйымдылықтағы үйлер мен күндізгі күтім бөлімшелеріне арналған жаңа стандарттарды әзірледі. Ведомство басшысының тиісті бұйрық жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Жаңа стандарттар арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл олардың қызмет түрлерін нақты айқындауға және көрсетілетін көмектің сапасын жүйелеуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін аталған ұйымдарда арнайы әлеуметтік қызметтер стационарлық және жартылай стационарлық ұйымдарға арналған бірыңғай стандарттар негізінде көрсетіліп келген. Енді әр ұйымның ерекшелігі ескерілетін жеке, дербес стандарттар енгізіледі.
Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер арнайы әлеуметтік қызметтерді оңтайландыруға, сондай-ақ қажет болған жағдайда нақты ұйым түрлерінің жұмысына нысаналы өзгерістер енгізуге жол ашады.
Жалпы алғанда, жаңашылдықтар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік қолдау нысандарын кеңейтуге және инклюзивті әрі қолжетімді әлеуметтік ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №263 бұйрығына өзгерістер енгізу жобасы 2026 жылғы 2 ақпанға дейін «Ашық НҚА» интернет-порталында қоғамдық талқылауға ұсынылған.





