
Биыл елімізде 24 миллион тоннаға жуық астық жиналады. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
«Қазір республика бойынша жаппай егін жинау науқаны жүріп жатыр. Оңтүстік өңірлерде жұмыстар аяқталуға жақын. Үкімет жеңілдетілген қаржыландыру мен техникалық қолдауды уақытылы көрсетті. Қолайлы ауа райының арқасында вегетациялық кезең де сәтті өтті», – деді министр.
Министрдің айтуынша, жалпы егін жинау алаңы 23,6 млн гектарды, ал оның ішінде 16 млн гектардан астамы – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Қазіргі таңда егін алқаптарының 63,7%-ы жиналды, орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерді құрап отыр. Бүгінде 15,5 млн тонна астық қамбаға құйылған.
«Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, биылғы болжам – 24 млн тонна астық. Бұл ішкі нарықтың азық-түлік, жем-шөп, тұқымдық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және экспорт көлемін сақтауға жеткілікті», – деп атап өтті Сапаров.
Сонымен қатар, министр астық экспортына қатысты субсидиялау шараларын жалғастыру қажеттігін де айтты. Теңіз порттарына жеткізу кезіндегі шығындарды өтеу – жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік бермек.
Майлы дақылдар мен көкөніс өнімдері де мол боладыАйдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл 4 млн тонна майлы дақыл тұқымы жиналады деп күтілуде. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш болмақ. Қазіргі уақытта 700 мың тонна майлы дақыл қамбаға түсті.
Сонымен қатар:
-
1,8 млн тонна картоп
-
2,9 млн тонна көкөніс
-
2,2 млн тонна бақша өнімдері жиналды.
Егін жинау науқанына 139 мың трактор, 31 мың астық комбайны, 17 мың орақ техникасы және 130 мыңнан астам қосымша техника жұмылдырылған. Оның ішінде 4 мыңнан астам жоғары технологиялы Джон Дир мен КЛААС комбайндары бар.
Бұл көрсеткіштер Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Министрлік егін жинау науқанын белгіленген мерзімде толық аяқтауға ниетті.