«Әділетті Қазақстан» идеясы күні кеше ғана немесе жұрт айтып жүргендей, соңғы екі-үш жылда ғана пайда болған жоқ. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері», атты мақаласында жазды, деп хабарлайды 7kun.kz.
- Мақаланың толық нұсқасын «Егемен Қазақстан» газетінен оқуға болады.
Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасын наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында айқындап берді.
«Әділдік» деген ауқымды ұғым осы идеологияның арқауына, ал «Әділетті Қазақстан» деген түсінік мемлекет бағдарының басты идеологемасына айналды. Шын мәнінде, «Әділетті Қазақстан» идеясы күні кеше ғана немесе жұрт айтып жүргендей, соңғы екі-үш жылда ғана пайда болған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне келген күннен бастап әділдіктің қастерлі қағидатына айрықша мән берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскеннен кейінгі алғашқы сөзінде: «Еліміздің даму жолындағы осы маңызды мезетте бүкіл қоғам болып, өркендеген, демократиялық, әділетті Қазақстанды құру идеясының төңірегіне топтасуы керек» деген еді. Одан кейін 2019 және 2022 жылы өткен президент сайлауы кезінде Мемлекет басшысы «Әділдік» ұғымын сайлау алдындағы тұғырнамасына негіз етіп алып, өз саясатының басты қағидаты ретінде ұстанып келеді. Әділетті мемлекет құру идеясы қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік саясаттың ғана емес, бүкіл қоғамның идеологиялық темірқазығына айналды. Әділдік идеясы қоғамның сұранысына да, мемлекеттің ұстанымына да сай келеді. Яғни «Әділетті Қазақстан» ұлтты ұйыстыратын идеяға айналды. Осы орайда, «әділдік» және «әділетті мемлекет» деген терминдердің мән-мағынасын нақтылай кеткен жөн. Әділдік дегеніміз – бәрін бір қалыпқа салып, теңестіру емес. Әділдік – ең алдымен, құқықтар мен міндеттерді бәріне бірдей бөлу деген сөз. «Әділдік» ұғымын дәл осылай ұғынып, түйсіну қажет. Ол барлық реформаның өн бойында тұр», деп жазады Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қариннің пікірінше соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі көптеген шешім осы әділдік идеясына орай қабылданып келеді. Мысалы, 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформа аясында халықтың жерге және оның қойнауындағы байлыққа, жануарлар және өсімдіктер әлеміне, сондай-ақ басқа да табиғи ресурстарға қатысты меншік құқығы Ата заңымызда бекітілді. Бұл қағидат іс жүзінде «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарлама арқылы жүзеге асырылды. Соған сәйкес бұдан былай Ұлттың қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы балаларға арналған жинақтаушы есепшоттарға тең бөліп аударылады.
Мемлекеттік кеңесші сонымен қатар әділдік қағидатының нақты жүзеге асырылып жатқанына мысал ретінде кезінде заңсыз алынған, жалпы сомасы 1 триллион теңгеден асатын активтердің елге қайтарылғанын, пайдаланылмай келген 5 миллион гектардан астам жердің мемлекет меншігіне өткенін, сонымен бірге «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының құрылғаны мен «Самұрық-Қазына» қорының таза табысының кемінде 7 пайызы жыл сайын осы қордың есепшотына аударыла бастағанын атап өткен.
Қариннің жазуынша шын мәнінде, Әділетті Қазақстан – бәзбіреулер айтып жүргендей, биліктің ойлап тапқан жасанды идеясы емес, Президенттің стратегиялық бағдарының идеялық негізі.
«Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ең негізгі миссиясы – Әділетті Қазақстанды құру екенін үнемі айтып жүр. Саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларда жүргізіліп жатқан жүйелі реформалардың бәрі, ең алдымен, осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге арналған. Президенттің елімізді түбегейлі және жан-жақты жаңғыртуға қатысты байыптамасының түпкі мәні осында жатыр», деп жазады Мемлекеттік кеңесші.
Мақалада сонымен қатар, «Әділетті Қазақстанды КІМ қалыптастырады?» деген сауалға да ынқ жауап берілген.
«Адал азамат» ұғымы «Әділетті Қазақстанды КІМ қалыптастырады?» деген сауалға жауап бере отырып, ел-жұртымыздың рухани-адами келбеті болашақта қандай болатынын және азаматтық қоғам қалай дамитынын көрсетеді. Мемлекет басшысы: «Адал азамат» – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын адам» деген еді. Идеологиялық тұғырнама туралы айтқанда мына мәселеге назар аударған жөн. Бұл – қандай да бір қатып қалған қағидаларды үгіт-насихат арқылы жасанды түрде жаппай санаға сіңіру емес, керісінше, біздің қоғамның рухани бірлігін нығайта түсетін шынайы құндылықтарды дәріптеу деген сөз», деп жазды Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі.