Қазақстанда 24 маусымнан бастап 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік банкноттар ресми түрде айналымнан шығарылады.
Осы күннен кейін аталған купюралармен дүкендерде, базарларда, қоғамдық тамақтану орындарында және басқа да сауда нүктелерінде төлем жасау мүмкін болмайды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 24 маусымда 2012 жылғы және жаңартылған үлгідегі 2 000 теңгелік банкноттардың қатар айналыста болу мерзімі аяқталады. Осыған байланысты азаматтарға қолдарындағы ескі банкноттарды алдын ала пайдаланып қалу немесе жаңа үлгідегі ақшаға айырбастау ұсынылады.
Айналымнан шығарылғаннан кейін де ескі купюраларды айырбастау мүмкіндігі сақталады. Екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелері оларды тағы үш жыл бойы жаңа үлгідегі банкноттарға ауыстырып береді. Ал Ұлттық банктің филиалдарында айырбастау мерзіміне ешқандай шектеу қойылмайды.
Айта кетейік, бұған дейін 2012 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік банкнотты да осы кезеңде айналымнан шығару жоспарланған болатын. Алайда кейін Ұлттық банк оның айналым мерзімін 2027 жылдың шілде айына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Реттеуші орган мұны бір мезгілде екі ірі номиналдағы банкноттарды айналымнан шығару банк жүйесіне қосымша жүктеме түсіруі мүмкін екендігімен түсіндірді.





