Еуропалық Одақ Қытайда өндірілген гибридті автомобильдерге қосымша кедендік баж салығын енгізу мәселесін қарастырып жатыр.
Бұл туралы Германияның Handelsblatt басылымы хабарлады.
Мұндай қадамға Қытай автокомпанияларының Еуропа нарығына желіден қуатталатын гибридті көліктердің (PHEV) экспортын айтарлықтай ұлғайтуы себеп болған. Бұған дейін Еуроодақ Қытайда шығарылған электр көліктеріне жоғары тарифтер енгізген еді. Енді осыған ұқсас шектеулер гибридті модельдерге де қолданылуы мүмкін.
Жоспарға сәйкес, кедендік баж салығының мөлшері автокөлік өндірушілерінің мемлекеттік қолдау алу деңгейіне байланысты белгіленеді. Мәселен, Қытайдағы зауыттарда өндірілетін Tesla көліктеріне салынатын тариф 17,8 пайызды құрауы мүмкін. Ал BYD және Geely компаниялары үшін бұл көрсеткіш 27-29 пайыз деңгейінде белгіленбек. Мемлекеттік SAIC концерні шығаратын көліктерге салынатын баж салығы 45 пайызға дейін жетуі ықтимал.
Сарапшылардың айтуынша, электр көліктеріне қатысты енгізілген шектеулерден кейін қытайлық өндірушілер гибридті модельдердің экспортына басымдық бере бастаған. Соның нәтижесінде Еуропа нарығындағы қытайлық PHEV көліктерінің сатылымы бірнеше есе артқан.
Фраунхофер институтының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы Еуропада Қытайда өндірілген 25 мың гибридті көлік сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 160 мың данаға жеткен. Яғни бір жыл ішінде сатылым көлемі алты еседен астам өскен.
Қазіргі таңда Еуропадағы ең танымал қытайлық гибридтердің бірі – BYD Seal U моделі. Бұл көлік сатылым көлемі бойынша бірқатар еуропалық және жапондық бәсекелестерін артта қалдырған.
Еуропалық өндірушілер Қытай көліктерінің нарықтағы үлесінің артуына алаңдаушылық білдіріп отыр. Осыған байланысты Еуропалық комиссия гибридті автомобильдерге қатысты жаңа тарифтік саясат әзірлеуде. Құжат Еуроодаққа мүше мемлекеттердің дауыс беруінен кейін алдағы айларда қабылдануы мүмкін.
Сонымен қатар қытайлық компаниялар ықтимал шектеулердің әсерін азайту үшін өндіріс орындарын Еуропаға көшіру жұмыстарын жеделдетіп жатыр. Мысалы, BYD Венгриядағы жаңа зауыт құрылысының соңғы кезеңіне жеткен. Ал Chery мен SAIC Испанияда автокөлік құрастыру өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Кейбір компаниялар жұмысын тоқтатқан еуропалық зауыттарды сатып алу мүмкіндігін де қарастыруда.
Айта кетейік, жаңа энергия көздерін пайдаланатын автомобильдерге сұраныс Қазақстанда да өсіп келеді. «Қазақстанның Автокөлік Одағының» мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы екі айында ресми дилерлер 708 электромобиль мен гибридті көлік сатқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2 есе жоғары көрсеткіш.





