2027 қаржы жылының екінші тоқсанында Freedom Holding-тің түсімі 910,1 млн долларға жетті. Алайда шығыстар түсімнен жылдамырақ өсіп, салық салынғанға дейінгі пайда төмендеді.
Freedom Holding Corp. 2027 қаржы жылының екінші тоқсанында 910,1 млн доллар таза түсім алды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 81%-ға көп. Таза пайдасы 29%-ға өсіп, 46,1 млн доллар болды. Бұл туралы компанияның 2026 жылғы 30 қыркүйекте аяқталған үш және алты айдың нәтижелерін қамтыған қаржылық есебінде айтылды.
Түсімнің өсуіне сақтандыру және пайыздық кірістер, сондай-ақ бағалы қағаздардан түскен пайда әсер еткен. Тоқсанда сақтандырудан түскен таза түсім 254,8 млн долларға жетіп, бір жылда 148%-ға артты. Компания мұны негізінен зейнетақы аннуитеттері портфелінің кеңеюімен және жаңа шарттар санының өсуімен түсіндіреді.
Пайыздық кіріс 323,9 млн доллар болды — бұл былтырғыдан 53%-ға көп. Ал Қазақстанның мемлекеттік облигацияларын сатудан түскен пайда есебінен саудаға арналған бағалы қағаздар бойынша таза пайда 66,4 млн долларға жетті.
Шығыстар да айтарлықтай өсті
Екінші тоқсандағы жалпы шығыстар 859,9 млн долларды құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 446,2 млн доллар болған, яғни шығын 93%-ға артқан. Бұған сақтандыру төлемдері, пайыздық шығыстар, еңбекақы және әкімшілік шығындар ықпал етті.
Шығыстар түсімнен жылдамырақ өскендіктен, салық салынғанға дейінгі пайда 57,5 млн доллардан 50,2 млн долларға дейін төмендеді. Соған қарамастан, таза пайда 35,7 млн доллардан 46,1 млн долларға өсті. Компания есебіне сәйкес, бұған салық шығынының былтырғыдан аз болуы да әсер еткен.
Жартыжылдықта түсім 60%-ға артты
2027 қаржы жылының алғашқы алты айында, яғни 2026 жылғы сәуір-қыркүйек аралығында, Freedom Holding-тің таза түсімі 1,64 млрд долларға жетті. Бұл былтырғы кезеңнен 60%-ға көп. Алты айдағы таза пайда 77,7 млн доллар болды — өсім 6%.
30 қыркүйектегі жағдай бойынша холдингтің жалпы активтері 16,6 млрд долларды, акционерлік капиталы 2 млрд долларды құрады. Банк, брокерлік, сақтандыру және басқа сегменттердегі клиенттер саны 9,27 млн-ға жетті. Бұл 2026 жылғы 31 наурыздағы көрсеткіштен шамамен 1,17 млн адамға көп.
Компанияның дерегінше, тоқсан қорытындысында брокерлік сегмент 115,2 млн доллар, банк сегменті 50,3 млн доллар, сақтандыру сегменті 9,9 млн доллар таза пайда тапқан. Ал басқа бағыттар бойынша 129,4 млн доллар таза шығын тіркелген.





