Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Газ дауы: Ресей Еуропаға жеткізуді тоқтатуы ықтимал

Газ дауы: Ресей Еуропаға жеткізуді тоқтатуы ықтимал

Ресей президенті Владимир Путин Еуропа елдері ресейлік газға жоспарланған эмбаргоны енгізетін болса, Мәскеу газ жеткізуді мерзімінен бұрын тоқтатуы мүмкін екенін айтты.

Оның сөзінше, Ресей болашақта Еуропа нарығынан бас тартып, бағасы жоғары басқа бағыттарға бет бұруды қарастырып отыр. Бұл мәселе әзірге ресми шешім емес, бірақ оған Еуропаның 2027 жылдан бастап ресейлік газға шектеу қою жоспары және Таяу Шығыстағы тұрақсыздық ықпал етуі мүмкін.

Путин сондай-ақ әлемдік энергетика нарығына әсер ететін факторлардың бірі ретінде Ормуз бұғазы маңындағы жағдайды атады. Егер бұл стратегиялық теңіз жолы жабылса, әлемдік мұнай мен газ тасымалына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Осы күні Кремль басшысы Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен кездесті. Кездесу барысында Будапешт Ресейден энергетикалық ресурстарды жеткізу бойынша кепілдік алғаны айтылды. Венгрия мен Словакия Еуропалық Одақ санкцияларына қарамастан ресейлік мұнай мен газды сатып алуды жалғастырып келеді.

Ал Еуропалық Одақ ресейлік газдан толық бас тарту жоспарын бекітті. Қабылданған шешімге сәйкес, ұйым елдері 2027 жылдың соңына дейін Ресейден газ импортын толық тоқтатуы тиіс. Бұл шектеу құбыр арқылы жеткізілетін газға да, сұйытылған табиғи газға да қатысты.

Мәліметтерге қарағанда, 2024 жылы ЕО-ға жеткізілген газдың шамамен 19 пайызы Ресейге тиесілі болған. Соған қарамастан, ресейлік мұнайға қарсы эмбарго енгізіліп, газ сатып алу көлемі едәуір қысқарғанымен, Еуропа елдері Ресейге ай сайын шамамен 1,5 млрд еуро төлеуді жалғастырып отыр.

Ұқсас материалдар