Агенттіктің жазуынша сату процесі үш кезеңде ұйымдастырылады, оның біріншісі 22 тамызда аяқталған.
"Активті сатып алуға Өзбекстан, Еуропа және Азия елдерінен сегіз инвестор қызығушылық танытты. Өтінімдердің қаржылық ресурстардың болуы және АҚШ, ЕО және халықаралық қаржы институттарының санкциялар тізімінде жоқтығын қоса алғанда, критерийлерге сәйкестігі қаралды. Талдау нәтижелері бойынша кеңесші (Deloitte халықаралық консалтингтік компаниясы - ред.) 6 үміткер критерийлерге сәйкес келеді деген қорытынды жасап, келесі кезеңге қатысушылар ретінде қарастыруды ұсынды. Өзбекстанның мемлекеттік жекешелендіру комиссиясы ұсынысты мақұлдаған", деп жазады агенттік.Келесі кезеңге өткен сауда-саттыққа қатысушылар ары қарайғы қадамдарды көрсететін жеке рәсімдік хаттар алады. Ақпаратты жария етпеу туралы келісімдерге (NDA) қол қойғаннан кейін олар актив туралы толық деректерге қол жеткізе алады.
Міндетті ұсынысты 15 қарашада 23:59-ға дейін кеңесшіге - Deloitte халықаралық консалтингтік компаниясына жіберуі керек. Қатысушы сондай-ақ кепілдік төлем ретінде ұсынылған құнның кемінде 1% аударуы керек.
Ұлттық банкаралық процессинг орталығы 2018 жылы құрылып, келесі жылдың көктемінде Humo төлем жүйесі жұмыс істей бастады. 2021 жылы ол Uzcard-пен ынтымақтасуға келісіп, инфрақұрылымды біріктірді.
Жақында қазақстандық Kaspi финтех тобы Humo-ны сатып алуға қызығушылық танытты. Оның негізін қалаушылардың бірі әрі басшысы Михаил Ломтадзе бизнес-модельді дамыту және оны төлем технологиялары саласындағы тәжірибемен толықтыру жоспары туралы айтты.
Spot-қа сұхбат берген сарапшылардың пікірінше, Humo-ның ең төменгі құны 60-80 миллион доллар аралығында ауытқиды.