Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен америкалық Visa трансұлттық компаниясы алдағы C5+1 саммиті және ертең өтетін «C5+1 оныншы мерейтойы» бизнес-конференциясы аясында Ынтымақтастық туралы алғашқы меморандумға қол қойды.
Құжатқа ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов және Visa компаниясының аға вице-президенті әрі мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі жаһандық жетекшісі Роберт Томсон қол қойды.
Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, келісім цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту және заманауи цифрлық төлемдерді кеңейту мақсатында жасалған.
«Меморандум ең жаңа төлем технологиялары саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және төлем нарығында жаңа цифрлық шешімдерді сынақтан өткізуге бағытталған. Негізгі бағыттарға мыналар жатады: Visa қолдауымен Ұлттық төлем корпорациясы базасында құзыреттілік орталығын құру, биометриялық сәйкестендіру мен цифрландыру саласындағы озық тәжірибелерді енгізу, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен алаяқтықтың алдын алу қызметін жетілдіру», – деді ол.
Өз кезегінде Роберт Томсон Қазақстанмен серіктестікті жоғары бағалап, бұл ынтымақтастықтың аймақ үшін маңыздылығын атап өтті.
«Біз Қазақстан Ұлттық банкімен сандық активтер, киберқауіпсіздік және туризм мен саяхат саласындағы деректер арқылы ел бойынша сандық инновацияларды жеделдету туралы меморандумға қол қойғанымызға қуаныштымыз. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші сандық экономикалардың біріне айналдыруға көмектеседі», – деді ол.
Visa өкілі Қазақстанды цифрлық төлемдер мен инновациялар саласында аймақтық көшбасшы ретінде атап өтті.
«Қазақстан біз үшін жаңа технологияларды сынақтан өткізу және енгізу тұрғысынан ерекше серіктес. Біз елдегі әрбір азаматтың – шағын бизнес иесі, жеке тұлға немесе мемлекеттік орган болсын – цифрлық технологияларға тең қолжетімділігін қамтамасыз еткіміз келеді», – деп түйіндеді Роберт Томсон.
C5+1 форматы – Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы аймақтық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған платформа. Осы жолғы саммиттің басты назарында экономикалық серіктестік, инвестиция және цифрлық даму мәселелері тұр.





