SpaceX компаниясы алдағы онжылдықтарда Ай мен Марста автономды қалалар салуды көздеп отыр.
Бұл туралы компанияның негізін қалаушы Илон Маск X әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда басымдық Айдағы жобаға берілген. Маск алғашқы нәтижелерге 10 жылдан аз уақыт ішінде қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Ал Марста қала салу жұмыстары шамамен 5–7 жылдан кейін басталуы мүмкін. Кәсіпкердің түсіндіруінше, Марсқа ұшу тек әр 26 ай сайын болатын қолайлы астрономиялық кезеңдерде жүзеге асады, ал сапардың өзі шамамен алты айға созылады.
Айға ұшуларды әр 10 күн сайын орындауға мүмкіндік бар, ұшу уақыты — екі күн. Осыған байланысты Айдағы қаланың құрылысы Марспен салыстырғанда әлдеқайда жылдам жүреді. Масктың бағалауынша, Марста толыққанды қала қалыптастыру үшін 20 жылдан астам уақыт қажет.
Бұған дейін Илон Маск адамзаттың Айға жаппай оралатын уақыты келгенін айтып, ғарышты игеру қарқынын жеделдету қажеттігін мәлімдеген болатын.





