Экономика
«Интергаз Орталық Азия» компаниясы Өзбекстанды газ дауына байланысты сотқа берді
QazaqGaz ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – «Интергаз Орталық Азия» Өзбекстанның «Өзтрансгаз» компаниясына қарсы талап арызды «Астана» халықаралық қаржы орталығының төрелігіне жолдады.
Бұл туралы «Қазақстанның мұнай-газы» Telegram-арнасы хабарлады.
Қазақстан тарапы көрші мемлекеттен шамамен 2 млн доллар өндіріп алуды көздейді. Талап «Интергаздың» жүргізген есептеулері негізінде дайындалған.
Алайда «Өзтрансгаз» бұл талаппен келіспей, қарсы талап арыз берген. Өзбекстан жағы газ көлемін есептейтін торап олардың аумағында орналасқанын, сондықтан есептеулер дұрыс емес болуы мүмкін екенін алға тартады.
Қазіргі уақытта «Интергаз» бастапқы арызды қарауды уақытша тоқтатып, даулы мәселені талқылау үшін тәуелсіз кеңесші тартты.





